Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов алдағы жылыту маусымына дайындық барысымен танысты. Қалада 1 896 көп қабатты үй бар. Соның 90 проценттен астамы жылыту маусымына дайын. Қалған тұрғын үйлерде құрылыс-монтаж жұмыстары жүруде. Қала әкімі, алдымен, әкімшілік-іскерлік орталықтағы жылу қазандығына барды.
2015 жылы іске қосылған қазандық 1124 шаршы метр аумақты алып жатыр. Онда мол жылу бере алатын BOSCH LOOS UT-HZ пештері орнатылған. Мұндағы отынның негізгі түрі — табиғи газ. Қазандықтың ең жоғарғы қуаттылығы — сағатына 163.5 Гкал. Ол көпқабатты 78 тұрғын үй мен 8 әкімшілік ғимаратқа жылу береді.Мұнан кейін қала әкімі шаһардың оңтүстік бөлігіне жылу беретін «3-Энергоорталық» акционерлік қоғамына қарасты қазандыққа ат басын тіреді. Бұл компанияның иелігінде 11,7 шақырым магистралды жылу құбырлары бар. Қазір қазандықта құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жылыту маусымына дайындық 1 қазанға дейін толықтай аяқталады.Сондай-ақ, қала әкімі Сайрам тұрғын алабында орналасқан халықты көмірмен қаматамасыз ететін базаның жұмысымен де танысты.
Жалпы, қалаға жылу 11 қазандық пен 1 жылу-электрстанциясынан беріледі. Айта кету керек, қазір барлық 11 қазандық жөндеуден өтіп, алдағы қысқа тас-түйін дайын тұр. Ал, 17 сорғы станциясының 15-і (88%) дайын. Қалған 2 станцияда жұмыс 25 қыркүйекке дейін аяқталады.Нысандардың жұмысымен танысқан Мұрат Дүйсенбекұлы жауапты азаматтарға белгіленген мерзімде тұрғындарды сапалы жылу энергиясымен қамтамасыз етуді тапсырды. Қалада 479 бюджеттік мекеме жұмыс істеп тұр. Оның 271-і жеке қазандықтармен жылытылса, 208-і орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған.