Түркістанда тамаша фильм жарық көрді

Күллі Түркі жұртының тәу етіп, тарихи, мәдени, рухани орталығымыз деп қабылдаған қасиетті Түркістан қаласы осыдан 2 жылдай уақыт бұрын өзіне тән маңызды мәртебесіне қол жеткізді. Қазақылық пен ең құнды асыл мұраларымыздың қаймағы бұзылмай сақталған қасиетті өңіріне Түркістан атауын беріп, көне шаһарды облыс орталығына айналдыру жөніндегі Елбасының жарлығы – көрегенділікпен түйінделген тамаша шешім еді. Облыстың басқа аудан, қалаларындағы ауқымды жұмыстар өз алдына өзгеше қарқынмен жүрсе, қасиетті қаланың тамырына қан жүгіріп, қайнаған құрылыс алаңына айналып шыға келді. Республикалық маңызы жоғары Қожа Ахмет Ясауи кесенесі аумағындағы рухани-мәдени орталықтың бой көтеріп, күннен-күнге көркі кіріп келе жатқандығы – қаланың туристік әлеуетін арттырып, тұрғындардың ертеңге деген ерекше сенімін оятуда.  Әкімшілік іскерлік орталығы нағыз еңбекқор, көшбасшылыққа талпынған өңірдің бет-бейнесін қалыптастырып келеді. Ал, тұтастай Түркістан облысының тыныс-тіршілігі күн сайынғы жарық көріп жатқан жағымды жаңалықтар мен толағай жетістіктерді насихаттайтын ақпараттар арқылы көзі қарақты оқырманға белгілі. Сол тыңғылықты тірліктер мен қасиетті қаланың қайнаған құрылысы, облыс аумағындағы қасиетті, киелі жерлердің маңыздылығынан сыр шертер жаңа туынды жұртшылыққа жол тартты. Түркістан облыстық Қоғамдық даму басқармасының тікелей тапсырымен «Turkistan Media Holding» ЖШС таспалаған жаңа фильм осы бағыттарда өрбиді. Қазақстан Республикасының қалыптасуынан бастап, бүгінгі күні мемлекет басшысының бастамасымен тәуелсіздік жылдарында экономикалық, саяси, әлеуметтік реформалар жүзеге асырылуы туралы және Қазақстан Республикасының халықаралық аренадағы беделі мен Қазақстанның бейбітсүйгіш саясатын қамту мақсатында жарыққа шыққан фильм өз міндетін толықтай орындаған туындылар қатарына енді. Облысқа келген туристерге арналған арнайы бағыттар мен өңірдің даму сатылары бейнеленген фильм республикалық, облыстық арналар арқылы тарап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Еліміздің әр аймағынан шығып әлемге танылған өз саласының майталман мамандарының Елбасының осы жарлығының дұрыстығы жөніндегі пікірлері де осында топтастырылған. Ендеше, баршаңызды «Turkestan 2.0» деректі фильмін тамашалап, облысымыздың кешегісі мен келешегі жайлы тамаша кадрларға куә болуға шақырамыз. Арнайы әлеуметтік желі пайдаланушылары үшін аталмыш фильм Turkistan Media Holding (https://www.youtube.com/channel/UC8CqgydhSC0wwPYB72QWE9g) ютуб каналына және turkistan-media.kz ақпарат порталына  орналастырылды. Мархабат!

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *