Шымкент қаласында жеңілдетілген карантин режиміне сәйкес, 28 қыркүйектен бастап қаладағы барлық театр өз көрермендерімен қайта қауышты.
Бүгінгі таңда мегаполисте 6 театр және 1 мәдениет үйі жұмыс істейді. Жаңа маусымда өнер ордалары шаһар тұрғындары мен қонақтарын түрлі премьераларымен қуантпақ.
Атап айтқанда, Өзбек драма театры 29-30 қыркүйек күндері «Әпендізада» комедиясын ұсынады.
Ал қалалық Жұмат Шанин атындағы академиялық драма театрында 7-9 қазанда көптен күткен 87-ші театр маусымының шымылдығы түріліп, «Аманат» атты тамаша туындыны көрерменге ұсынғалы отыр. Шымкент әзіл-сықақ және сатира театры XIII маусымының ашылуына орай У.Әбдіраймовтың «Карантиндегі қызықтар» атты сазды – думанды қойылымын тамашалауға шақыруда.
Айта өту қажет, санитарлық талап пен арақашықтықты сақтау үшін көрермен залы 50 адаммен шектеледі. Сондай-ақ, медициналық бетпердемен келу міндеттеледі.