Бұл тақырыпқа кино әлемінде мойынсұңғандар көп. 2005 жылы Ресейде «Последняя надежда», одан кейін үндінің Боливуды мен АҚШ-тың Голивуды да фильмдерін шығарып үлгерді. Бірі 18 дегі қаршадай қыздың соңғы үмітін сюжетке негіз қылса, екіншісі махаббатынан айрылған тағдырлар бейнесін сомдаған туындыларды шығарып еді. Үстіміздегі жылы Ресей осы тақырыпқа қайта оралып, жерге бағытталған астеройдпен арпалысқан астронавтардың ерліктерін суреттеген, адамзаттың соңғы үмітін «Последняя надежда», деп экрандағаны есімізде.
Қазақ киносында бұл тың атау. Соңғы жылдары Нартай Өтегеннің қиялынан туған бірнеше cериалдар көрерменге жол тартты. Өткен жылы кезінде Кемел Тоқаев күрең салған детективтік жанрды арнаға шығарған «Қашқын» теле туындысын өз басым қызыға қарадым. Сондықтан келесісін асыға күткенім рас. «Соңғы үміт» атауы жалт ете қалғанда, Нартай Байқоңыр мен байланыстырып адамзаттың соңғы үмітін қозғар деп ойлағаным рас. Сөйтсем, күнде көріп жүрсек те, кездесіп жатсақ та байқамайқалған /көзімізді шел басса керек/ бүгінгі қоғамда бар мәселеге камерасын бұрыпты. Қария сықарттар үйінде, ер азаматына әйелі әмірін жүргізген отбасы, баласы ғаламтордан тәрбие алып өскен қоғам жетісеме? Қазақы қоғамның бүгінгі сипаты осы. Бұны көрсе, режиссер көз ғана көре алады. «Ауруын жасырған өледі»-демей ме дана халқымыз. Міне сол қоғамның дертін баса көрсеткен туынды бұл.
Сериал желісінде міне сол шығармашылық ұжым шырылдап көрсеткен кейбір өзекті мәселелерге тоқтала кеткенді жөн көрдім. Біріміз көреміз, енді біріміз уақыт таба алмаймыз, бірақ қордаланған мәселелерді біліп жүрейік ағайын. Саналы ұрпақ сабақтастығы болар деген үміт бұл.
Адам баласы туғанда жаман болып тумайды, — дейді ақсақал. Бас кейіпкердің үлкен немересі дұрыс жолдан тайып кеткенімен, атасы тәрбиелеуден шаршамайды. Батырлар жырын оқыту болсын, ішкен асыңның ыдысын жуып жүр деуі де, бір-біріне деген бауырмашылдыққа шақыруы, жауапкершілік сезімді оятуы көп нәрсені меңзейді. Мұның бәрі тәрбие. Ал жұмыс-жұмыс деген ата-анасының еш уақыты жоқ. Бұл да бүгінгі күннің мәселесі.
Сериалдағы қазіргі компьютерлер ойынына тәуелді болған жасөспірімдер жағдайы көрерменді алаңдатпай қоймайды. Бұл кез-келген ата-ананы мазалуы тиіс. Бала тәрбиесі – бұл болашағыңның тәрбиесі. Жұмыс-жұмыс деп жүрген Асхатты компьютер мен автомат ойынына берілген ұлы болашақта қарттар үйіне тастап кетпейтініне кім кепіл.
«Бүкіл жан иесі тек тамақ үшін тырбаңдаса, оның мақұлықтан не айырмашылығы бар?», — деген ақсақал ойы ойландырмай қоймайды. Баланың тамағын емес жан дүниесін байыту ата-ана үшін парыз демей ме?
Қалаға барғанда сіз де менімен сөйлеспей қоймайсыз ба?, — дейді немересі атасына. Бұл қазіргі күннің шындығы. Яғни, балаға ата-анасының бір уақыт көңіл бөліп, сөйлескені өте маңызды екенін осы бір репликадан байқау қиын емес. Қазіргі қым-қуыт заманда не жетпейді? Уақыт пен көңіл жетпейді. Қол босаса болды, телефон шұқылаған ата-ана мен бала. Байланыс жоқ екі буын арасында.
Асхат тым қатал кейде әкесіне. Режиссер қатал сөйлеген кездерді жиі көрсетеді. Қайталанбас қателік бұл деп. -«Сіз де түсінбей жатып, қыстырыласыз»- деген сөзбен әке жүрегіне сызат салады әдейі. Түсінсін, көрсін көрермен деген шешім бұл.
Қарттар үйінің еден жуушысы Замира өте қатал, қатыгез әйел деп ойлайсыздар ау. Қаңғыртып тастап кеткен балаларының суреттерін сақтап жүрген Дәмегүл апаның бейнесі арқылы, ана жүрегінің қашанда кешірімді екенін айғақтайды.
Ата-анасына қарсы сөйлейтін, қатты сөйлейтін Марат қазіргі жасөспірім балалалардың келбеті ма деп қаларсыз. Автомат ойыны үшін үйдің ақшасын ұрлаған, Санаттың қатыгез ағасы Марат үшін бұл қалыпты жағдай сияқты.
Балалар да футболды ақша үшін ойнайды, Мақсат та автоматты ақша үшін ойнайды, әйелдер де ақша –ақша деп қақсағандар, Сонда бұл өмірдің бәрі сол бір қағазға байланып қалғандай.
«Осындағы әр қария өз үйінде жүргендей өмір сүрсе екен деймін», деген қарттар үйінің директоры Бектас Назарұлының пікірі ойландырмай қоймайды. Әттегенайы жердің тұрғындары соңғы үміті үзілгенше осы жерді паналайды. Сериал кейіпкерлерінің әке-шешелеріне келіп кешірім сұрауы әлі де болса үзілмеген соңғы үміттің бар екенін байқатады.
Режиссер Серік Апыров кезінде қазақ көрермендерін дүр сілкіндірген «Соңғы аялдама» туындысын түсіріп еді. Естеріңізде болса. Ауылға әскерден оралған бала мүлде басқа ортаға түсіп қалғанын байқайды. Достары да сол, ағайын туысы да сол болғанмен бәрі басқаша бәрі бұзылған. Қатарластары асылып өліп жатса, қыздары жезөкшелікте. Қазақы ауылдың бұл соңғы аялдамасы, бұдан әрі барар жоқ деп шырылдаған туынды еді ол. Оны бірі түсінді екіншісі бізде ол жоқ деп ауруын жасыруға тырысты. Міне сол қазақы қасиетінен айрылған кішкентай ауылда орын алған дерт бүгінде бүкіл қоғамды жайлап алды. Сериалдан сонны ұғыну қиын емес. Бұл да қазақ үшін соңғы үміт, соңғы алядама. Шығармашылық топқа айтар алғысым шексіз.
Нұрбол Алманов , кинотанушы, сыншы