(Еліміздегі жол көлік оқиғасы салдарынан қайтыс болғандардың жартысы жастар)
Соңғы 17 жылда 270 мың жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 49 мың адам қайтыс болса, 300 мыңнан астамы түрлі деңгейде жарақат алған. Өкініштісі, қаза тапқандардың 50 пайызы жастар. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен бапасөз маслихатында Жол активтері ұлттық сапа орталығының бас директоры Замир Сағынов мәлімдеді.
Азия даму банкі жүргізген зерттеулерге сәйкес, жол-көлік оқиғалары салдарынан, еліміздің экономикасы 9 миллиард АҚШ долларына пара-пар зардап шегіпті.
Ал адам шығыны бойынша Қазақстан 175 елдің ішінде қайтыс болу көрсеткіштері бойынша 17,6 рейтингімен 74-інші орында тұр. Мысалы; Ресей (18), Өзбекстан (11,5), Беларусь (8,9). Қауіпсіз елдер рейтинг көрсеткіштерін 5,5 адам шығынымен Еуродақ бастаса, мейлінше нашар көрсеткіштер Африка мен Латын Америка елдерінде көрінеді.
Жүргізушілердің жауапсыздығы салдарынан талай адам ажал құшып жатады. Қазақстанда «жол жүру мәдениеті» қалыптаспаған, — деген Замир Сағыновтың айтуынша, — Көлік апаттарының негізгі себептері жылдамдықты тым арттыру. Барлық жол-көлік апаттарының 30 пайызы нақ осы жылдамдықты шектен тыс арттырудан орын алуда. Сондықтан жол инфрақұрылымын сапалы салумен қатар, жылдамдықты қатаң бақылауда ұстау – жол қауіпсіздігін арттырудың маңызды құралы.
Өткен 9 айда «Нұрсұлтан-Щучье» жол учаскесінде жылдамдықты сағатына 150 шақырымнан жоғары арттырудың 8280 фактісі тіркелген. Тәртіп бұзушылықтың 58 жағдайында жылдамдық сағатына 200 шақырымнан асып түссе, БМВ машинасымен бір жүргізуші сағатына 238 шақырымдық жылдамдықпен жүргені анықталып отыр. Осы учаскедегі тіркеу камераларының, әкімшілік полиция комитетінің дерекқорымен біріктірілмеуі салдарынан, заң бұзушылардың талайы жазадан құтылып кетуде, — дейді З. Сағынов.
Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы қазан айында белгілер мен таңбалардың сапасын бағалауға арналған жалпы республикалық акция өткізді. Тексерілген 5 мыңға жуық белгілердің 46 проценті нормаға сәйкес емес. 1620 шақырым жол белгілерінің 251 шақырымы стандартқа сай емес. Қала көшелері бойынша белгілердің 50 пайызы және таңбалардың 40 пайызы стандартқа сай болмай отыр.
— Келе жатқан жүргізуші белгіні көрмесе, ол қалай дер кезінде шешім қабылдай алады? Бұл да назарда болу керек деп санаймын — дейді Замир Сағынов, — Елімізде «жол мәдениетін қалыптастыру» бағытында Ішкі істер министрлігі және басқа да тиісті мекемелер тарапынан көп жұмыстар атқарылып келеді. Біз де осы бағытта жұмыс жасап жатырмыз, әлі де жалғастырмақпыз. Мақсатымыз, азаматтарға жол қателікті кешірмейтінін түсіндіргіміз келеді. Өз өміріміз үшін, әрқайсымыз — өзіміз жауаптымыз. Осыны әр азаматтың санасына құйсақ дейміз.
Abai.kz