Шымкент қаласындағы тұрғын үй қорын модернизациялау бағдарламасы бойынша жыл сайын тұрғындардың келісімімен көп қабатты тұрғын үйлер жөндеуден өтеді. Көп қабатты тұрғын үйлерді кұрделі жөндеу ҚР Үкіметінің Тұрғын үй-коммуналдық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы негізінде қолданылады.
Тұрғын үй қорын модернизация бағдарламасының мақсаты – Шымкент қаласындағы авариялық тұрғын үй қорының өсуін болдырмау, тұрғын үй аумақтарын дамытуды және оларды абаттандыруды қамтамасыз ету. Сондай-ақ, азаматтардың өмір сүру ортасын жаңарту және қоғамдық кеңістікке қолайлы жағдай жасау.
Сондықтан Шымкент қаласында 2022 жылы 9 үй 462 миллион теңгеге күрделі жөндеуден өтті. Ал биыл 1 миллиард теңгеге 15 тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Оның 12-сі Әл-Фараби ауданы, 3-еуі Тұран ауданы аумағында орналасқан.
Келесі жылы 40 тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде.