ОҢТҮСТІК АЙНАЛМА ЖОЛЫ ЖЫЛ СОҢЫНДА ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

Шымкент қаласында  ірі жол-көлік инфрақұрылымының бірі – «Оңтүстік» айналма жолы салынуда. Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов аталған жол құрылысының қарқынын қадағалады.

Айналма жолдың құрылысы Леңгір тас жолынан бастап КХ-15 облыстық маңызы бар автожолына дейінгі аралықты қамтиды. Шымкент қаласын Өзбекстан астанасы Ташкентпен тікелей байланыстырады. Бұйырса, тауар айналымын жеделдетіп, екі аралықтағы жүру уақытыда қысқармақ. Айналма жол барлық транзиттік көліктерді қала сыртымен жүргізуге мүмкіндік береді. Мамандар шаһарды маңызды трассалармен байланыстыратын күре жол пайдалануға берілген соң, бірнеше проблема өздігімен шешіледі деп отыр. Мегаполис көшелеріндегі және қала маңындағы кептелісті азайтып, экологиялық жағдай  жақсара түседі.  Оған қоса, жол бойында орналасқан елді мекендерде шағын кәсіпкерліктің дамуына ықпал етеді деп күтілуде.

Жол салу барысында жергілікті әкімдік жеке меншіктегі бірқатар жер телімдерін сатып алуға мәжбүр болған. Бұл үдеріс жұмыстың аяқталу мерзіміне тікелей әсер еткен. Бүгінде Шымкент-Ташкент жолында қиылысатын бөлігінде көпір салынып, жолдың негізі дайындалған. Жол құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен іске асырылып отыр. Бұл жоба қаламыздың инфрақұрылымын дамыту мақсатындағы қажетті жобаның бірі болып есептеледі.

8 кезеңнен тұратын стратегиялық маңызға ие жобаның құрылысына 50 млрд. теңге бөлінген. Жолдың ұзындығы 16 шақырым. Ені 9 метрді құрайды. Бүгінде 8 шақырымына асфальт төселді. Қазір мұнда жұмыс қызу жүріп жатыр. Нысан 2023 жылдың төртінші тоқсанында пайдалануға беріледі.

Нысан басына барған Мұрат Дүйсенбекұлы құрылыстың сапалы орындалуын басты назарға алуды және жоспарға сай жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды.

Bozyq.kz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *