Шымкенттік жас кәсіпкер Дінмұхаммед Күмісбек небәрі 22 жасында 10 адамды жұмыспен қамтып отыр. Мемлекеттік қолдауға ие болған кәсіпкер есік, тапсырыспен баспалдақ және жиһаз дайындайтын шеберхана ашқан. Бүгінде ісі өзге домалап, 10 адамды жұқмыспен қамтып отыр. Жұмысшылардың жалақылары істеген жұмыс көлеміне қарай төленеді. Орташа есеппен айына 250 мың теңгеден асады. Кәсіпкердің айлық табысы 2 миллион теңгеге жуық.
Іскер жігітке жеке бизнесін ашу үшін жастарға арналған жеңілдетілген несиенің көмегі тиген. Дінмұхаммед Күмісбек 2,5 пайызбен алған 5 миллион теңгеге қосымша құрал-жабдықтар сатып алып, кәсібін кеңейтіп отыр. Цифрланған заман ғой! Бүгінде тауарларын әлеуметтік желі парақшасы мен дүкен арқылы сатылымға шығаруда. Қазірдің өзінде тұрақты сатып алушылары бар.
Шымкентте жастарға арналған 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алуға өтінім қабылдау әлі де жалғасуда. Мемлекетік қолдауға 21 мен 35 жас аралығындағы азаматтар қол жеткізе алады. Жас кәсіпкерлер 5 миллион теңгеге дейінгі несиені мал шаруашылығы жобалары үшін – 7 жылға дейін, кәсіптің басқа түрлері үшін – 5 жылға дейінгі мерзіммен ала алады. Кепілзат ретінде арнайы техника, жылжымайтын мүлік және жер учаскелері қабылданады. Кепілге қоятын мүлік болмаса кепіл берушіні тартуға болады. Өтінім беру үшін құжаттарды «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Шымкент қаласындағы филиалына тапсыру қажет.
Айта кетейік, биыл қалада 261 жасқа жеңілдетілген несие беру көзделген. Ол үшін республикалық бюджеттен 1 млрд 305 млн. теңге бөлініп отыр.