Шымкентте бюджетті жоспарлауда ашықтықты қамтамасыз ету үшін 2021 жылдан бастап «Халық қатысатын бюджет» жобасы енгізілді. Қаланың кез келген тұрғыны «электрондық үкіметтің» веб-порталына кіріп, өз ұсыныстарын қалдырып, кері жауап алу мүмкіндігі жасалған.
«Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында қолданысқа берілген шағын алаңшаның құрылыс жұмыстары 2023 жылдың мамыр айында басталған. Жалпы аумағы 0,70 гектарды құрайтын алаңшада футбол, баскетбол ойнауға арналған алаң және заманауи жаттығу элементтері орналасқан.
Қаратау ауданында жыл сайын бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріліп келеді. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауында бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне және балаларға басымдық беріп, әр аудан орталықтарында спорт алаңшаларын ашу қажет деген тапсырма берді.
«Біз мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, спортты дамыту мақсатында, материалдық базаны жақсарту бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Оның дәлелі ретінде бүгінгідей спорт алаңшасының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілгелі тұр. Мұның бәрі балаларымыздың, жастарымыздың спортпен айналысуына, олардың денсаулығының мықты болуына жасалынып жатқан үлкен мүмкіндік», — деді ашылу салтанатында Қаратау ауданының әкімі Рақымберді Мүлкеманов.
Еске сала кетейік, биылғы жылы Қаратау ауданы аумағында аталған жоба аясында 12 спорт алаңдары салынбақ. Спорттық нысан құрылысы ауданның «Тұран», «Таскен», «Шапырашты», «Нұртас», «Қызылсу», «Қайтпас», «Нұрсәт» шағынаудандары мен тұрғын алаптарында бой көтеретін болады.