Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков «Көрме» орталығында қала тұрғындарын қабылдап, жергілікті халықтың талап-тілектерін тыңдады. Қысқасы, қала әкімінің алғашқы жұмыс күні осылай басталды. Бұны халық оң бағалады. Қош!
Қала әкімінің бірыңғай қабылдауында 300-ден аса тұрғын өтінішін білдірді, деп хабарлайды Bozyq.kz Ақпарат агенттігі, Қабылдауға келген азаматтардың басым бөлігі әлеуметтік көмек сұрап, денсаулық сақтау саласына, тұрғын үй мәселесіне, қоғамдық көлікке қатысты мәселелерді көтерді. Жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті қолдау, санитарлық тазалыққа қатысты сауалдарын жолдады. Тұщымды жауап алды.
«Көрме» орталығында өткен қоғамдық қабылдауға әкім орынбасарлары, департамент басшылары, аудан әкімдері, басқарма басшылары да қатысты. Сала мамандары қабылдауға келген азаматтардың талап-тілектерін назарға алып, бағыт-бағдар беріп, кейбір түйінді мәселелерді тиімді шешу жолдарын қарастырды.
Ғабит Әбдімәжитұлы халықпен ашық диалог құруға күш салып, талап-тілектер бойынша қабылданатын шешімдерді назарға алатынын жеткізді. Азаматтар тарапынан түскен бірде-бір арыз-шағымды ескерусіз қалдырмай, әсіресе, әлеуметтік, инфрақұрылымды жақсартуға қатысты мәселелерді тиімді, шұғыл шешу қажет екенін атап өтті.
Кейбір мәселелерді әкім аппаратының жауапты қызметкерлері мен басқарма басшыларының құзырына белгіленген уақыт мерзімінде орындауды тапсырды.
Bozyq.kz