ҚАЗАҚСТАНҒА АТОМ ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫ КЕРЕК

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы «TALQYLAU» диалогтік алаңында көшпелі  отырыс  өтті. Жиына Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауы сөз болды.  Талқы таразысына түсіп,  насихатталды.  

Отырысқа «AMANAT»партиясы қалалық филиалының төрағасы Б.Нарымбетов, қалалық партия филиалының Атқарушы хатшысы Ж.Бектаева, саясаткерлер, ғалымдар, фракция мүшелері, басқарма өкілдері, партия белсенділері қатысты. Әрбір азамат өз ойын ашық айтып,  ұсыныстарын жеткізді.

— Жолдаудағы тапсырмаларды жүзеге асыру бағытында «AMANAT» партиясы белсене қатысып, Мемлекет басшысының бастамаларын түсіндіру жұмысына атсалысуда. Партияның бастауыш ұйымдарында, қоғамдық кеңестер мен еңбек ұжымдарында Жолдауды түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, әлеуметтік желілерде және бұқаралық ақпарат құралдарында пікірлер берілуде, — деді Ж.Бектаева.

Сосын, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Университетінің проректоры, доцент Сәкен Мәжінбеков сөз алды. Сәкен Мәжінбеков  «қармақты»  алысқа лақтырып, Орта Азиядағы су мәселесіне тоқталды. Қазақстан үшін ауыз су мәселесі өте өзекті екенін, алдағы уақытта да өзекті болып қала беретінін атап өтті. Мәселені шешу жолдарын да ұсынды. Аракідік  еліміз үшін атом электр станциясы аса қажет екенін сөз етті. Қағаз бетіне қарамай, тәуір баяндама жасады. Шапалақ ұрдық. Қол соғып отырып, атом электр станциясының қажеттігін ұғындық.

Бұл «TALQYLAU» диалогтік алаңына 4 басқарма басшысының орынбасары  «папкасын»  қолтықтай келген екен. Сөз  Шымкент қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау басқарма басшысының орынбасары Құдырет Жүсіповке берілді. Мінбеге көтерілген Құдырет Райсұлы «сықырлаған»  цифрларды сөйлетті.  Үнсіз тыңдадық.  Жаттанды сөздер мен таныс сандарды тағы бір түгендедік. Сол-ақ екен,  «AMANAT» партиясы қалалық филиалының төрағасы Б.Нарымбетов сөз алды.    Б.Нарымбетов бұл жолғы Жолдау  қарапайым халықтың тұрмыс жағдайын көтеруге бағытталғанын шегелеп айтты.  Мемлекет басшысы халықтың көкейінде жүрген өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша нақты тапсырмалар бергенін мәлімдеді. Енді, бос сөз бен құрғақ уәдеге орын жоқ,- деді.  Деді де, Шымкент қалалық әкімдігіне қарасты басқармалардың «шашбауын»  көтеріп келген  азаматтарға ескерту жасады. Келесі  «TALQYLAU» диалогтік алаңына үлкен дайындықпен, нақты ұсыныспен келулерін өтінді.  Қысқасы, шорт кесті. Сөйтіп, жиынды қорытындылады.

Жалпы, жиыннан  жадымызда қалған бір дүние бар. Шымкент жыл сайын көркейіп, үлкейіп келеді. Қалада көгілдір отын мен электр энергиясының тапшылығы сезіліп отыр. Өндірісті өркендету үшін де әлгі екеуі қажет. Қайтпек керек? Қазақстанға түбі атом электр станциясы керек.

Нұрлан Әлімбаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *