ЖАСТАР ПРАКТИКАСЫ БАҒДАРЛАМАСЫ – ЖАСТАРҒА ЗОР МҮМКІНДІК

Шымкентте «Жастар практикасы» жобасы аясында жыл басынан бері 2000-нан астам азамат жұмыспен қамтылған. Бағдарлама «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жобасы шеңберіндегі аталған жұмыспен қамту шарасы мемлекет тарапынан субсидияланады.

Жастар практикасы бағдарламасы жасы  35 жастан аспаған,  өз мамандығы бойынша жұмыс тәжірибесі жоқ, NEET санатындағы жастарға зор мүмкіндік береді.

«Жастар практикасы» жобасымен мамандығы бойынша жұмыс тәжірибесін бастаған жастардың бірі – Әмина Әуезханова. Жоғары оқу орнының түлегі білім алған мамандығы бойынша жұмысқа орналасу үшін былтыр қалалық «Жұмыспен қамту» орталығының қызметіне жүгінген. Жұмыссыз ретінде тіркеліп, жолдамамен ерекше балаларға арналған «Болашақ» ақпараттық-оңалту орталығына жұмысқа орналасады. Бүгінде сол орталықта тұрақты жұмыс орнымен қамтылған.

Мамандығым логопед-дефектолог. Кәсіби мамандыққа алған дипломым бойынша жұмысқа орналасқаныма өте қуаныштымын. Ерекше балалардың сөйлеу қабілеттерін барынша дамытуға күш салып, оңалту шараларын көрсетемін. Нәтижесін көргенде екі есе бақытқа кенелемін. Жұмыс берушілердің де көңілінен шықтым деп ойлаймын,- дейді Әмина Әуезханова.

Жалпы «Жастар практикасы» жобасы аясында жастардың еңбекақы мөлшері 30 АЕК құрайды. Жұмыспен қамту мерзімі 12 ай. Кәсіби біліктілігін шыңдаған жастар көп жағдайда жұмыс берушінің ұсынысына қарай еңбек жолын сол мекемеде әрі қарай жалғастыруы мүмкін. Жобаға қатысуға ниетті жастар тұрғылықты мекен-жайлары бойынша Шымкент қаласының «Мансап» орталықтарына жүгіне алады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *