ӘЛЕУМЕТТІК МАҢЫЗЫ БАР АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫ ТҰРАҚТЫ

Шымкент қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын бақылау, тұрақтандыру бойынша кезекті баспасөз-туры ұйымдастырылды. БАҚ өкілдері GraMad сауда орталығындағы бағаны бақылап, әлеуметтік бағыттағы азық-түлік қорын аралап көрді. Сауда орталығында нан 90 теңге, құмшекер 409 теңгеден сатылып жатыр.

Қалада бірінші қажетті азық-түлік тауарлардың бағасын тұрақтандыру бойынша бірқатар сауда желілері, жергілікті тауар өндірушілермен келісімдер жасалған. «ГраМад» сауда желісінде әлеуметтік маңызы бар тауарлар белгіленген бағада сатылуда. Мәселен, арзандатылған тауарлар қатарында нан – 90 теңге, шекер – 409 теңге, ас тұзы 48 теңге, ұнның бір келісі 165 теңге деп белгіленген. Жалпы қалада 24 «ГраМад», 31 «Магнум» сауда желісінде тауарлардың әлеуметтік бағасы бекітілген.

Қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Әбунасыр Жанбатыровтың айтуынша, бірінші қажетті азық-түлік тауарларының бағасы тұрақты бақылауда. Азық-түлік қоры жеткілікті. Жергілікті кәсіпкерлермен 1 жылға келісімшарт түзіліп, оларға айналым қарыз қаражаты берілген. Комиссия шешімімен әр тоқсан сайын нарықтағы бағалар зерделенеді. Басқарма басшысы тұрғындардың бағаға байланысты алаңдауына еш негіз жоқ екенін атап өтті.

Айта кетсек, қалада жыл соңына дейін ГраМад сауда орталығының тағы 4-5 желісін ашу жоспарда тұр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *