Шымкентте жыл басынан бері мемлекеттік бағдарлама аясында 279 отбасы арендалық пәтермен қамтылған, — деп хабарлайды Bozyq.kz.
Бұл туралы бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығының алаңында Шымкент қаласы Тұрғын үй басқармасының басшысы Жанат Өтебаева мәлімдеді. Бриифнгте басқарма басшысы 2023 жылдың 9 айында атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады.
«Шымкентте соңғы төрт-бес жылдықтарда құрылыс қарқыны артып, баспанамен қамтуда республикада көш басында келе жатқанын өздеріңіз жақсы білесіздер. 2023 жылы Шымкент қаласында әлеуметтік мемлекеттік бағдарлама аясында көпбалалы отбасыларға, жетім және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға, осал топтатағылар мен бюджеттік ұйым қызметкерлеріне 324 арендалық пәтер беру жоспарланған. Оның ішінде қазіргі уақытта арендалық тұрғын үймен түрлі санаттағы 279 азамат қамтылып отыр. Жыл соңына дейін қалған 45 азамат қамтылатын болады. Бұдан бөлек, тұрғын үй кезегіне тіркелген азаматтарға қосымша жетім балаларға, көпбалалы отбасыларға, әлсіз топтарға жалпы саны 505 арендалық пәтерді сатып алу жұмыстары жүргізілуде», — деді басқарма басшысы Жанат Өтебаева.
Спикердің айтуынша, жыл басында кредиттік негізде 1886 пәтерді қамту жоспарланған. Қазіргі таңда 1249 азамат ипотекалық негізде тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Олар, «5-20-25» 701 пәтер, «2-10-20» («Бақытты отбасы») бағдарламасы бойынша 486 пәтер, «Шаңырақ» («5-10-20») бағдараламысы 62 пәтер. 2023 жылдың соңына дейін жаңа концепциямен «5-10-20» бағдарламасы бойынша 540 пәтерлі 10 тұрғын үй, «2-10-20» бағдарламасы бойынша 324 пәтерлі 6 тұрғын үй ипотекалық бағытта беріледі.
Жалпы, арендалық тұрғын үйді алуға мына санаттағы азаматтар үміткер бола алады:
Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері;
Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер;
Өзге мемлекеттер аумағында соғыс қимылдарына қатысқан ардагерлер;
I және II топтағы мүгедектер;
Мүгедек баласы бар немесе мүгедек бала тәрбиелеуші отбасылар;
Кейбір созылмалы аурудың ауыр түрімен науқастанған азаматтар;
Зейнеткерлер
Жетім балалар;
Қандастар;
Экологиялық апат салдарынан баспанасынан айырылған адамдар;
Қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқандардың отбасылары;
Толық емес отбасылар.
Bozyq.kz