ШЫМҚАЛАҒА «ШАХМАТ КЕРУЕНІ» КЕЛЕ ЖАТЫР

Шымқалаға «Шахмат керуені» келе жатыр,-деп хабарлайды Bozyq.kz. Бұған дейін Көкшетау, Қостанай, Петропавл, Қарағанды, Семей сынды 10 қалаға сапарлап үлгерген  «Шахмат керуені» 9 қазан күні Шымкентке келіп тоқтайды.  Керуеннің келуіне орай сағат 10:00-де SHYMKENT PLAZA-ға қарама-қарсы орыс драма театры жанында салтанатты шара өтеді.

Freedom Broker бас серіктесінің қолдауымен жүзеге асып жатқан республикалық жобаның мақсаты – өңірлерде шахмат спортын кеңінен насихаттау. Керуен идеясы саудамен қатар, халықтардың мәдени және спорттық мұрасын әлемге танытқан Ұлы Жібек жолына негізделген.

Екі ай ішінде еліміздің 18 аймағын аралап жүріп, турнир өткізіп шығатын автокеруен қарашаның ортасында Түркістанға барып табан тірейді. Салтанатты шара аясында Қазақстан шахмат федерациясының Шымкент қаласындағы филиалы ашылады. Ал арнайы тігілген мобильді киіз үйде гроссмейстермен бір мезеттік ойын сеансы мен «Шахмат керуенінің» жартылай финалы ұйымдастырылады.

Облыстық кезеңде оза шапқан I, II және III орын жеңімпаздарына 100 000, 50 000, 30 000 теңге көлемінде сыйақы беріледі. Және олар қараша айында Түркістанда өтетін гранд-финалға жолдама алады. Бас финалдың жүлде қоры – 5 000 000 теңге.

Одан бөлек, әр жартылай финалдың 3 қатысушысы «Әйелдер арасындағы үздік нәтиже», «50 жастан жоғары үздік қатысушы» және «16 жасқа дейінгі үздік ойыншы» аталымдары бойынша марапатталып, ақшалай сертификаттарға ие болады.

Қазақстан шахмат федерациясы тұңғыш рет 1992 жылы құрылған. Оның бірінші басшысы ақын, жазушы және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов болды.

Бүгінде елімізде 7 мыңға жуық шахмат секциясы бар. Онда 253 мыңнан астам адам интеллектуалды спорт түрін меңгеріп жатыр.

2023 жылғы шілдеде Үкімет Қазақстан Республикасында шахматты дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекітті. Осы жоспар аясында бес жылда бастауыш сыныптағы балалардың 20 пайызы «Шахмат негіздері» таңдау пәнімен қамтылмақ.

Қазақстан шахмат федерациясының бас серіктесі Freedom Broker атап өткендей: «Шахмат – жай ойын емес, ол адамды жоспарлау мен талдауға үйретіп, төзімділік пен шыдамдылыққа тәрбиелейтін ақыл-ой жаттығуы. Біз Қазақстан шахмат федерациясына қолдау көрсету арқылы елдің экономикалық дамуы мен жастардың болашағына және стратегиялық ойлау мәдениетін қалыптастыруға инвестиция салып жатқанымызға сенімдіміз».

 

 

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *