«МЫҢ ЖҮЙРІК» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АҒАРТУШЫЛЫҚ БАЙҚАУДЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Шымкентте «Қазақтану» жобасы шеңберінде этнос жастары арасында «Мың жүйрік» республикалық ағартушылық байқауы өз мәресіне жетті. Жобада еліміздің әр өңірінен 5-12 жас аралығындағы 575 жасөспірім бақ сынады. Бүгін 10 қатысушы үздік деп танылып, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

–Қаламызда үшінші рет өткізіліп жатқан жобаға қызығушылар саны жылдан-жылға саны артып келеді. Мәселен, 2021 жылы байқауға 100-ге жуық жасөспірім қатысса, 2022 жылы 300 бала, ал, биыл олардың саны 575-ке жетті. Бұл – осынша баланың қазақ ертегілерін тыңдап, мақал-мәтел, өлең оқуға деген ынтасы жоғары екенін білдіреді. Жоба онлайн форматта ұйымдастырылып, қазылар алқасы тарапынан қатысушылардың еңбегі сараланды. Бүгін жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан 10 қатысушы үздік атанды. Сіздерді бүгінгі жеңістеріңізбен және «25 қазан – Республика күн» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Елімізде осындай мерейлі сәттер көп болсын, – деді Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Бексұлтан Ержанұлы.

Байқау 4 бөлім негізінде ұйымдастырылды. Қатысушылар «Ертегі әлеміне саяхат», «Тұлғалар тағылымы», «Мен ұнататын мамандық» және «Туған өлкеге тағзым» тақырыптары бойынша сынға түсті. Алғашқы бөлімде үміткер өз қалауымен кез келген ертегіден үзінді айтып береді. Ұсынылатын ертегіде шығарманың желісі толық сақталуы керек. Қазылар алқасы өнерді бағалайтын кезде қатысушының өзін көпшілік алдында ұстауына, тіл көркемдігіне, мәнерлеп айту шеберлігіне назар аударды.

–Осынша баланың қазақ тілінде өнер көрсетуге деген құлшынысы бізді қатты қуантты. Тіпті, бір үйден 2-3 балаға дейін мемлекеттік тілде ертегі айтып, байқаудың көркін қыздырды. Әттең-ай, дейтін жері жобаға тек 5-12 жас аралығындағы жасөспірім деп бекітілуі болды. Өйткені, одан жоғары жастағы балаларда қатысуға ниет білдіріп еді. Тәртіп бойынша оларды қабылдай алмадық. Алдағы уақытта осы мәселе де ескерілсе екен, – дейді қазылар алқасының мүшесі, «Шұғыла» газетінің бас редакторы Базаркүл Қалбыр.

Қаладағы «Достық» үйінде өткен марапаттау салтанатына еліміздің Ақтау, Ұлытау, Алматы, Түркістан облыстарымен бірге Шымкент қаласының этнос жастары және оның жетекшілері келген. Жеңімпаз 10 балаға арнайы диплом және велосипед табысталды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *