Құрметті отандастар!
Бұл күн – елімізге еркіндік сыйлаған ұлы мейрам. Республика күні мейрамында қазақ халқының жеткен жетістігі, ұлттық стратегиялық мүддесі мейлінше насихатталып, патриоттығымызды айқындайтын факторлар әлемге паш етілуі тиіс. Ұлттық стратегиялық мүдделерімізді анықтап, Конституциямыз бекітіліп, тәуелсіздік декларациямыз қабылдағаннан кейін ұлы күнді ұлықтайтын мереке болуы заңды да.
Біз бүгінге дейінгі барлық жетістіктерімізге Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік. Егемендік алғаннан кейінгі жылдары еліміз шекарасы бекітіліп, халықаралық аренада мемлекетіміздің беделінің өсуіне бағытталған шаралар жүзеге асты.
Қазақ қоғамында дала демократиясының ертеден бастау алатынын, ондағы мемлекетті құру, қалыптастыру, даму институттарының сол қоғамға, сол кезеңдерге сәйкес болғандығы туралы көп айтыла бермейді. Қазіргі уақытта шынайы демократия элементтерінің бірі болып саналатын президенттік институттың көрінісін қазақ қоғамындағы хандық биліктен көруімізге болады. Сондықтан қазақ ежелден қалыптасқан мемлекет.
Бұл күн – республикамыздың әр азаматы үшін айтулы мереке! Бостандық пен еркіндіктің бастауы болып табылатын осы салтанатты күні халқымызға игілік пен бақыт, бақ-дәулет, ырыс тілеймін. Қазақстанның тұрақты дамуы мен кемелденуі жолындағы әрбір азаматтың еңбектері табысты, бастамалары сәтті болсын!
Еліміздің мәртебесі биіктеп, әлемге шарықтай берсін деген ыстық ықыласымды жеткіземін!
Айпар АМАНГЕЛДИЕВА, Шымкент қалалық мемлекеттік архивінің директоры