Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков жаңа халықаралық әуежай терминалының құрылыс жұмыстарымен танысты. Бір ай бұрын берген тапсырмаларының орындалу барысын бақылап, жұмыс қарқынын тексерді,-деп хабарлайды Bozyq.kz.
Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков құрылысы жүріп жатқан жаңа әуежай терминалына барды. Шаһар басшысы сала мамандарымен кездесіп, нысан құрылысы белгіленген мерзімде тапсырылып қана қоймай, сапалы шығуы тиіс деп шегеледі.
Қазіргі уақытта жолаушылар терминалы құрылысының 1-кезеңі аяқталды. Шатыры монтаждалып, қасбеті жаңғыртылды. Жаңа әуежайға инфрақұрылым жүйелерін тарту жұмыстары кестеге сай жүргізілуде. 800 жұмыс қолы тартылған.
Аэропортта жолаушы өткізу қабілеті сағатына 200 адам болса, жаңа терминал іске қосылғаннан кейін бұл көрсеткіш еселеніп, 2 000 адамға артады. 10 есе көбейеді.
Жаңа терминалдың жалпы ауданы 40 800 шаршы метрді құрайды. 24 эскалатор, 2 трафик, 24 жеделсаты, заман талабына сай келетін 4 галерея қарастырылған. Барлығы жеке инвестор есебінен салынуда. Қазіргі таңда перрон құрылысын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы берілді. 6 гектар аумақта тиісті жұмыстар атқарылуда.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, бүгінде жолаушылар терминалы құрылысының 1-кезеңі аяқталды. Әуежай құрылысының 2-кезеңі 2024 жылы аяқталып, ел игілігіне беріледі,-деп күтілуде.