ҚАЛА ӘКІМІ ТАССАЙДАҒЫ ТАБИҒИ ГАЗ ЖҮЙЕСІН ТАРТУ ЖҰМЫСТАРЫМЕН ТАНЫСТЫ

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков бірқатар нысандарды аралады.   Алдымен Тассай шағын ауданындағы табиғи газ жүйесінің құрылысымен танысты.

Тассай шағын ауданындағы табиғи газ жүйесін тарту жұмыстары 2021 жылдың соңында басталды. Бүгінге дейін мердігер мекеме «Ремстрой» ЖШС жұмыс көлемінің 84 пайызын орындаған.

Құрылыс жұмыстарын бақылаған қала басшысы мердігерге жұмысты жандандыру ғана емес, сапалы жүргізуді міндеттеді. Егер талаптары орындалмаса, тиісті мамандарға мердігерді жауапқа тартуды ескертті. Өйткені жергілікті тұрғындар орындаушылардың жауапсыздығынан зиян шекпеу керектігін баса айтты. Сондай-ақ көгілдір отынның берілу мерзімі жайында халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Бұл газ тарату жүйесінің қуаттылығы – 12.5 м3/сағ, ал ұзындығы 68,8 шақырымды құрайды. Нысан келесі жылдың 1-тоқсанында пайдалануға беріледі. Нәтижесінде, 3 345 абонент көгілдір отынмен қамтылады.

Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жауаптылармен бірге Нұртас шағын ауданына да табан тіреді. Нұртас шағын ауданында орталықтандырылған кәріз жүйесі қолға алынған.  Құрылыс қызу жүріп жатыр.  60 адам, 15 арнайы техника жұмылдырылған.

Қала әкімі мердігерге құрылыс нормаларын қатаң сақтап,  халық қауіпсіздігі үшін құбырларларды жүргізуде арнайы белгілерді орнатуды ескертті. Сонымен қатар, желілерді орнату аяқталғаннан кейін жолдарды ретке келтіруді тапсырды.

Мердігер мекеме осыған дейін жұмыс көлемінің 67%-ын аяқтаған. Жобаға сәйкес 62,6 шақырым кәріз құбыры жүргізіледі. Нәтижесінде 3 мыңнан астам тұрғын үй орталықтандырылған кәріз жүйелеріне қосылады.

Сонымен қатар қала әкімі Қызылсай темір жол асты өткелінің құрылыс сапасын бақылады.  Құрылыс қарқынын көріп, атқарылып жатқан жұмыстың жай-күйімен танысты.

Кірме жол құрылысына жалпы 10 техника жұмылдырылған. Инженерлік желілер қайта орнатылуда. Бүгінде құрылыс жұмыстарының 55%-ы орындалған.  Жобаға сәйкес нысан келесі жылы пайдалануға беріледі.

Қала басшысы бұл нысан тұрғындар үшін маңызға ие екенін айтып, жауаптыларға мердігердің құрылысты сапалы әрі мерзімінен кешікпей аяқтауды тапсырды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *