Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қалалық Полиция департаментінің жұмысымен танысты. Кездесуде үшінші мегаполисті қауіпсіз қалаға айналдыру шараларын пысықтады.
Қала басшысы халықтың жайлы орта, қауіпсіз қалада өмір сүруін қамтамасыз ету ортақ іс екенін айта келе, Жедел басқару орталығының жұмысын жандандыру керектігін жеткізді. Яғни, қаладағы барлық әлеуметтік маңызы бар нысандағы бейнекамераларды Жедел басқару орталығына қосуды ұсынды.
Департамент бастығы Думан Таевтың айтуынша, «Қауіпсіз қала» бағдарламасын іске асыру аясында 479 «Pelco» бейнебақылау камерасы, 21 көше қиылысында 212 «Интегра» бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр. Ал «Қауіпсіз мектеп» бағдарламасы аясында 150 мемлекеттік мектепте 2 618, жекеменшік 36 мектепте 700 бейнебақылау камерасы орнатылып, Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына біріктірілген.
Қалада соңғы үш жылда 3 868 бейнекамера орнатылды. Оның 1 500-і қоғамдық, 2 368-і жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қойылған.
Үшінші мегаполисте бірқатар қылмыс түрлерінің саны төмендегені байқалады. Атап айтқанда, тонау, пәтер ұрлығы, кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар, қоғамдық орында жасалған қылмыстар саны біршама азайған. Қылмыстың ашылу деңгейі де жақсарған.
Айта кетейік, алдағы уақытта қала аумағы тағы 1500 бейнекамерамен толықтырылады.