Мүгедектігі бар азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетудің маңызы зор. Үкімет олардың жұмыс істеуіне және шығармашылықпен айналысуына тиісті жағдай жасап отыр. Шымкентте мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту үшін 200-ден астам жұмыс орнына квота белгіленген.
Шымкент қаласында биыл мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту үшін 227 бос жұмыс орнына квота белгіленген. Бүгінде 35 жұмыс беруші мекемеге 88 азамат жолданған. Еңбекке қабілетті азаматтар квота бойынша жұмысқа орналасулары үшін «Тең қоғам» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы мен аудандық «Мансап» орталықтары мамандарының көмегіне жүгіне алады.
«2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» шеңберінде, биыл 1780 мүгедектігі бар қала тұрғыны жұмыспен қамту шараларымен қамтылған.
Атап айтқанда, 40 адам жұмыс берушілердің сұранысына сәйкес жұмыс орындарында оқытудан өтіп, жұмыспен қамтылуда, 12 адам әлеуметтік жұмыс орындарымен және 61 адам жастар практикасымен қамтылған. 172 адам қоғамдық жұмыс орны, 35 адам алғашқы жұмыс орны бойынша жұмысқа орналастырылған. 46 азамат «Күміс жас» жобасы аясында екі қолға бір күрек тапқан. 957 адам «Бастау Бизнес» жобасында оқытуға жолданып, мүгедектігі бар 90 адам мемлекеттік қайтарымсыз грант алған. 367 адам бос орындарымен қамтылған.
Әлеуметтік осал топты азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында Шымкент қаласы «Еңбек мобильділігі» орталығы тарапынан үздіксіз бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып тұрады. Шара аясында пробациялық бақылауда жүрген азаматтарды да қоғамға қайта бейімдеп, жұмыс орнымен қамту көзделген.
Жыл басынан бері пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар бойынша 5 жәрмеңке өткізіліп, жәрмеңкелерде 500-ге жуық бос жұмыс орындары ұсынылды. Бос жұмыс орындарында 60-тан аса азамат жұмыспен қамтылған.
Жалпы, мұндай қадамдар мүмкіндігі шектеулі адамдардың ортаға бейімделіп, өмірден өз орнын табуына оң әсерін тигізіп отыр.