Жетісу облысы Талдықорған қаласында «Жаңа Қазақстанның болашағы — зерделі ұрпақ» тақырыбында республикалық пікірсайыс турнирі өтті. Шараға Республиканың әр түкпірінен 20 команда келді. Атап айтқанда, Астана , Алматы , Шымкент, Жетісу, Алматы, Жамбыл, Абай, Түркістан, Қызылорда, Шығыс Қазақстан облыстарының ділмарлары еліміздегі саяси экономикалық тақырыптарда пікір таластырды.
«Жаңа Қазақстанның болашағы — зерделі ұрпақ» республикалық пікірсайыс турнирінің мақсаты — мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру, жастардың интеллектуалдық әлеуетін арттыру, пікірталас қозғалысының дамуына ықпал ету болды. Пікірсайыс турнирі өз мақсатына жете алды.
Турнирге еліміздің 20 өңіріндегі 120-ға жуық пікірсайысшы қатысты. Шаһарымыздың намысын қорғауға қазақ лигасы бойынша Шұғыла Салыбек (№47 мектеп-гимназиясы), Бекарыс Әзімхан (№1 Талант мектебі), орыс лигасы бойынша Алина Гуляихина, Анел Валиева (№38 мектеп-гимназиясы), ағылшын лигасы бойынша Тоғжан Башаева (№1 мектеп-гимназиясы), Зиеда Мирзахматова («Астана» мектебі) және жетекшілері Бексейіт Әлібек, Гаухар Калиева оқушыларымыз ойынның әртүрлі тақырыптарында ұтымды көзқарасы, дәлелді пікірлерімен үш лига бойынша жүлделі ІІІ-орынға ие болды.
Турнирге қатысушылар тамаша пікірталас және аналитикалық ойлау қабілеттерін көрсетті. Пікірсайыс жеңімпаздары мақтау қағаздарымен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.