Бүгін Түркістан облысына жасаған жұмыс сапары аясында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT» партиясының фракция мүшелері Қайрат Балабиев, Ерлан Абдиев және Темір Қырықбаев Кентау қаласындағы бірқатар нысандардың жұмыс барысымен танысты.
Парламенттегі партия өкілдері алдымен «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасының Жол картасында қамтылған «Кентау Сервис» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында болып, №5 Жылуэнергоорталығын қайта жаңарту жұмыстарының атқарылуын қадағалады. Стратегиялық мәні бар нысандағы модернизациялау жұмыстарының барысын сондай-ақ «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Алтынсары Үмбетәлиев, партияның өңірлік филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, Түркістан облыстық мәслихатына Кентау қаласынан сайланған депутат Қалыйма Жантөреева мен Кентау қаласы мәслихатының депутаттары аралап көрді.
Жылу қуатын өндіру және тасымалдау қызметін атқаратын кәсіпорынның негізі 1934 жылы қаланған, ал 1952 жылы мұнда қуат өндіру қондырғылары орнатылған. Кәсіпорында 3 бірлік ТП-35 типті қазандықтар, 3 бірлік ТП-35 У типті қазандықтар, ПР-5-35/5 БМЗ типті №3 турбогенераторы және К-7-35 ЧССР типті №6 турбогенераторы жұмыс жүргізеді. Жоба бойынша №5 Жылуэнергоорталықтың жылу қуатын сағатына 168 Гкал өндіреді деп белгіленсе, қазіргі уақытта қолданыстағы жылу қуаты сағатына 126 Гкал құрайды. Электр қуатын өндіру бойынша белгіленген қуаты 17,5 МВт/сағ. болса, қолданыстағы қуаты 5,5 МВт/сағ. болып отыр.
Кәсіпорын теңгеріміндегі жылу құбырларының жалпы ұзындығы 169 шақырымды құрайды. Оның ішінде 38,2 шақырымы – магистралды жылу құбырлары болса, 130,8 шақырымды – ішкі орамдық жылу құбырлары құрайды. Кентау қаласы бойынша орталықтандырылған жылуға қосылған 14 045 абонент бар. Жылу тұтынушылар қатарында 106 бюджеттік мекеме, 2295 жеке сектордағы тұрғын үйлер, 347 көпқабатты тұрғын үйлер, 441 коммерциялық нысандар тіркелген.
Биылғы жылғы жылыту маусымына дайындық барысында қазандықтарды, жылу жүйелерін және қосалқы қондырғыларды қайта құру жұмыстарының сметалық құны 13 701,1 млн. теңге болып белгіленген. Нысандағы құрылыс-монтаж жұмыстарына мердігер ұйым ретінде «ЭМ-Холдинг» ЖШС-гі, техникалық қадағалаушы мекеме санатында «Атакама» ЖШС-гі болып анықталып, келісімшарт түзілген. Жалпы бүгінгі күнге дейін 3,0 млрд теңге қаржы қаралып, қазандықтардың құрылыс-монтаж жұмыстары атқарылуда. Қазіргі таңда 5-шы, 6-шы, 7-ші, 12-ші қазандықтардың ағымдағы жөндеу жұмыстары 100%-ға аяқталып, Кентау қаласы әкімдігінің 23.10.2023 жылғы №312 қаулысымен 30 қазаннан бастап жылу беру маусымы басталған. Қазір кәсіпорын штаттық режимде жұмысын атқаруда.
Айта кету керек, Кентау қаласын сапалы жылумен қамтуда 8 дана жылу қазандықтарын, қосалқы электр станциясын, 21 шақырымды құрайтын магистралды құбырлар мен 81 шақырымды құрайтын ішкі орамдық жылу құбырларын қайта құру жұмыстарын екі кезеңде жүргізу жоспарланған. Оның ішінде бірінші кезеңде 6,6 шақырым магистралды жылу жүйесін және 4 кері сорғы станцияларын қайта құру жұмыстары белгіленіп, 4,7 шақырым құбырларды монтаждау жұмыстары аяқталып, іске қосылған. Қалған 1,9 шақырым құбырларды ауыстыру жұмыстары биылғы жылы жалғасын табатын болады . Екінші кезең бойынша 14,5 шқ магистралдық жылу құбырларын қайта құру жұмыстарын жүргізу жобасы мемлекеттік сараптамадан өткізу бастамасы атқарылып, құрылыс жұмыстары биыл басталмақ. Осы және өзге де атқарылған жұмыстарды кәсіпорын басшылығы мен қала әкімдігінің жауапты азаматтары Парламент өкілдеріне баяндады.
Жылу беру жұмыстарының сапасына байланысты тұрғындардан көптеп шағымдар түсіп жатқанын айтқан депутаттар жауапты тұлғалардан неліктен үйлерде жылыту жүйелері қалыпты болмай отырғанын сұрады. «Қаңтар айнынан бастап сайлаушылармен тұрақты кездесулер өткізіп келеміз. Халықпен өткен жүздесулердің барлығында дерлік жылу жетіспейді деген шағымдар көптеп айтылуда. Тұрғындардың талап-тілегін ескере отырып, Кентаудағы жылуэнергоорталығына келіп, кәсіпорынның бүгінгі қызметін арнайы көру үшін келдік.