Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркістан облысына сапары барысында бірқатар жаңадан ашылған нысандарды аралап шықты.
Неке сарайының жұмысымен танысқан Елбасы, шаңырақ көтеріп жатқан жас жұбайларды құттықтап, бақыт пен береке тіледі.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті халыққа қызмет көрсету орталығында мемлекеттік қызмет көрсетудің автоматтандырылған процесімен танысты.
Жаңа музыка мектебінде Тұңғыш Президентке өңірде өнер мен мәдениет саласын дамыту үшін қабылданып жатқан шаралар жөнінде мәлімет беріліп, балалар шығармашылық ұжымы бірнеше музыкалық қойылым көрсетті.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Әбішұлы «Алатау медиа-орталығы» ғимаратында БАҚ өкілдеріне арналған жұмыс бөлмелерін аралап көрді. БАҚ өкілдерімен кездесуде еліміздің оңтүстігінде тағы бір әдемі шаһар бой көтеріп келе жатқанын және де осының барлығы ел игілігі үшін жасалып жатқанын айтып өтті.
Елбасы Түркістан облысы әкімдігінің жаңа ғимаратында болып, Түркістан қаласының рухани-мәдени орталығын қайта құру жұмыстары бойынша аралық нәтижелерімен танысты.
Сонымен қатар, сапар барысында Нұрсұлтан Назарбаевқа Nur Otan партиясының қоғамдық қабылдауының жұмысы, туризм индустриясын дамыту, су және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы жобалар, инфрақұрылымдық жобалар таныстырылып, болашақ «Түркістан» халықаралық әуежайының және 600 орындық аурухананың үлгілері көрсетілді.
Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі