Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков мегаполис жастарымен еркін форматта кездесу өткізді.
Жүздесу барысында қала басшысы жастармен пікір алмасып отырғанына қуанышты екенін айтып, бүгінгі өскелең ұрпақ қандай болу керектігін жеткізді.
– Біз жастарға жан-жақты қолдау көрсетіп, жігері мен құлшынысын дұрыс арнаға бағыттай білсек, Қазақстан әлемнің алдыңғы қатарлы еліне айналып, әділетті қоғам орнайтыны сөзсіз. Ол үшін бүгінгі жастарымыз Мемлекет басшысы айтқандай, ең жақсы қасиеттерді бойына сіңіруі қажет. Яғни, отаншыл, білімпаз, еңбекқор, әділ әрі жанашыр болуы тиіс. Шымкент – жастардың қаласы. Мемлекет бүгінде өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына, ғылыммен айналысуына, жұмысқа орналасуына, баспанамен қамтылуына және жеке кәсібін бастауға жан-жақты қолдау көрсетуде. Мұның барлығы жастардың өзекті мәселелерін шешуге бағытталады. Ең бастысы, оның механизмі жастар үшін қарапайым әрі түсінікті болуы керек. Жеке және кәсіби тұрғыдан өсу, жұмысқа орналасу немесе тұрғын үй алу үшін қаламызда қандай мүмкіндіктер бар екенін әркім білуге тиіс, – деді Ғ. Сыздықбеков.
Кездесуге қаладағы түрлі ұйым мүшелері, оқу орындары студенттері мен белсенді жастар қатысты. Аталған жиында жастар қала әкімімен өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, ұсыныстарын жеткізіп, еркін форматта сұхбат жүргізді.