ҚАЗАҚ ТІЛІ ОКСФОРДТА ОҚЫТЫЛАДЫ

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі әлемнің көптеген жетекші жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық орнатып, білім мен ғылымды дамытуда үлкен жетістіктерге қол жеткізуде.
Жақында ғана әлемге әйгілі жоғары оқу орнымен арада жақсы байланыс орнады. Нақтырақ айтар болсақ, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Оксфорд университеті арасында өзара ынтымақтастық келісімге қол қойылып, соған сәйкес Оксфорд университетінде қазақ тілін оқыту қолға алынатын болды. Бұл үлкен жетістік және жақсы жаңалық. Қазақ тілін әлемдегі ең беделді Оксфорд университетінде оқу қолға алынса, қилы жерлерден келіп жатқан студенттер арқылы Қазақстанды, оның тілін әлем танитын болады.
Ынтымақтастық аясында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек британдықтарға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен даярланған Oxford Qazaq сөздігінің алғашқы басылымын таныстырды.
«Әлемдегі бірегей білім ордасы саналатын Ұлыбританиядағы Оксфорд университеті арасында өзара ынтымақтастық байланыс орнатып, өзара келісімге қол қойдық. Соның нәтижесінде Оксфорд университетінде қазақ тілін оқыту қолға алынатынын сүйіншілеп айтқым келеді. Бодлиан кітапханасында Қазақстанға қатысты көне қолжазбалар таныстырылды. Ол кітапхана – өте ірі, рухани ордалардың бірегейі. Бұл руханият ордасында түркі философы Шейх Ахмед Таразидың «Кемелдік ғылымы» қолжазбасының жалғыз данасы сақталған. Ал президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен даярланған Oxford Qazaq сөздігінің алғашқы басылымында 60 мыңнан астам сөз бар. Еңбектің өзі 1 300 беттен тұрады, – деді Саясат Нұрбек.
Айта кету керек, өткен жылдың соңында қазақша-ағылшынша Oxford Qazaq сөздігі жарыққа шыққан болатын. Ол Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының мамандарының қатысуымен 4 жыл бойы құрастырылды. Онда екі тілдің лексикасындағы өзгерістер және қазіргі мәдениет пен ғылым саласына қатысты соңғы жаңалықтардың енгенін атап кеткен жөн.
«Тіл – халқымыз үшін басты құндылықтардың бірі. Бүгін қазақ және ағылшын тіліндегі Oxford Qazaq сөздігін таныстыра отырып, біз жаңа тарихи белеске көтерілеміз. Соның арқасында әлем жұртшылығы біздің мәдениетіміз бен халқымыздың тарихы туралы мол мәлімет білетін болады», — деді одан әрі министр.
Ал Оксфорд — дүниежүзіндегі ең көне, әрі рейтингісі ең жоғары университеттердің бірі. Әлемнің 140 мемлекетінен 26 мыңға жуық студент білім алады. Мұнда қазақ тілінен өзге 11 тіл оқытылады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *