ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов Түркістан облысына жұмыс сапарымен келді. Бірқатар нысандарды аралап, аймақта атқарылған жұмыстармен танысты.
Алдымен, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барып, Мемлекет басшысының сәулет өнерінің жарқын үлгісі әрі ЮНЕСКО-ның әлемдік мәдениеттің бірегей мұрасын сақтау ісі жөніндегі тапсырмасының орындалу барысымен танысты. Мұнда күрделі жөндеу жұмыстары өткен жылдың тамыз айынан басталған. Бүгінде кесенеде сыртқы орта мен климаттық факторлардың әсерін өлшейтін датчиктер орнатылған. Ғылыми-реставрациялық жөндеу жұмыстары жалғасуда. Үкімет басшысы мәдени ескерткішті сақтау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың маңызды екенін атап өтіп, Үкімет тарапынан барлық қолдау шаралары көрсетілетінін жеткізді.
Түркістан облысына жұмыс сапары барысында Премьер-Министр Кентау қаласындағы жылу орталығы мен трансформатор зауытының жұмысымен танысты. Аталған нысандардың жай-күйі және онда жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндадым. Қала тұрғындарын орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ететін ЖЭО тозығы жеткен. Стратегиялық нысанда соңғы рет күрделі жөндеу 10 жылдан астам уақыт бұрын жүргізілген. Осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Кентау қаласы ЖЭО «№7,8,9,10,11,12 қазандықтарын күрделі жөндеу» жобасы әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған болатын. Бұған дейін демеушілер есебінен 4,7 шақырым жылу магистралі, төрт қазандық жөнделді. Келесі айда қалған екі қазандықтың жөндеу жұмыстарын бастап, келесі жылдың соңына қарай аяқтауды жоспарлап отырмыз.
Сондай-ақ Олжас Бектеновке 700-ден астам адамды жұмыспен қамтып отырған Кентау трансформатор зауытының өндірістік цехының жұмысы және өндірістік қуатын кеңейту шаралары таныстырылды. Зауытта жалпы мақсаттағы және электрлендірілген теміржол көлігі үшін күштік трансформаторлар, трансформаторлық қосалқы стансалар шығарылып, өнімнің 30%-ы экспортталады.
Мұнда Үкімет басшысына өңдеу өнеркәсібін дамыту және инвестициялық жобаларды іске асыру барысы туралы баяндалды. Қазіргі таңда 2024-2027 жылдарға арналған инвестициялық жобалар пулы әзірленді. Осы жылдар аралығында 145 жобаны іске асыру жоспарда бар. Нәтижесінде 17,7 мың жұмыс орны ашылмақ. Оның ішінде биыл 44 жоба іске асырылады. Атап айтқанда, күкірт қышқылын өндіру, жүгеріні терең өңдеу зауыттарын салу жобалары, мақта-тоқыма кластерін құру жоспарлары таныстырылды. Сонымен қатар өңірде сыйымдылығы 4 мың тонналық заманауи көкөніс қоймасының құрылысы басталды.
Премьер-Министр инвесторларды белсенді тарту үшін қолайлы бизнес-климат қалыптастыру бойынша барлық қажетті шараларды қабылдау, оның ішінде шағын өнеркәсіптік парктер мен арнайы индустриялық аймақтардың аумағын кеңейту міндеттеді.