Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға және тілеулестік танытқан шет мемлекеттердің басшыларына алғыс айтты,-деп хабарлайды Bozyq.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынына қарсы күресте көрсеткен қолдауы мен көмегі үшін қазақстандықтарға және шет мемлекеттердің басшыларына ризашылығын білдірді.
«Еліміздің бірқатар өңірінде табиғи апат орын алған сәттен бері менің атыма достас мемлекеттердің басшыларынан жылы лебіздері мен көмек көрсету жөнінде ұсыныстары жазылған хаттар келіп түсіп жатыр. Қазақстан жойқын су тасқыны кезінде жәрдем беруге дайын екенін білдіргені үшін достас елдерге шын жүректен алғыс айтады.
Менің тапсырмам бойынша Премьер-Министр бастаған республикалық штаб төтенше жағдайдың салдарын барынша азайту үшін пәрменді шаралар қабылдап жатыр. Зардап шеккен барлық азаматқа қажетті көмек көрсетілуде. Олардың бүкіл шығындары өтеледі. Бірде-бір адам назардан тыс қалмайтынын жуырда отандастарыма арналған үндеуімде айттым. Апатқа қарсы күрес жалғасуда.
Қиын-қыстау кезде халқымыз өзін тағы да ең жақсы қырынан танытып, бірлік пен төзімділіктің үлгісін көрсеткені қуантады. Қазақстан азаматтарына шын жүректен алғыс айтамын», – деп жазылған Мемлекет басшысының Instagram парақшасында.
Бұған дейін Түркия су тасқынына байланысты Қазақстанға көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді. Сондай-ақ Қырғыз елі де Қазақстанға 300 тонна гамунаитарлық көмек жөнеткен болатын.
Айта кетейік, мемлекет басшысының әлеуметтік желідегі бұл бірінші парақшасы емес. Президент 2011 жылдан бері Twitter желісінің белсенді қолданушысы. Онда өзі АҚШ президенті Дональд Трамптан бастап, әйгілі голливудтық актер Леонардо Ди Каприоға да жазылған.