Ыстамбұл мен Түркістан қалалары арасында енді жүк ұшағы қатынайды. Қос шаһар арасындағы байланыстың нығаюына «Turkish Cargo» әуекомпаниясы қызығушылық танытып отыр,-деп хабарлайды Bozyq.kz тілшісі Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл апта алғашқы «Airbus 330-200» бортымен 37 тонна жүк келген. Жүктің басым бөлігі — киім-кешек.
Жүк ұшағы Италияның Рим қаласынан ұшып, Түркия арқылы Түркістанға жеткен. Енді Түркістаннан ұшаққа азық-түлік артылып, Қытай еліне қарай аттанады. Еуропаға тікелей жүк тасымалдауға қолайлы ұшақ аптасына екі рет, сәрсенбі және жұма күндері қатынайтын болады.
Айта кетейік, 2020 жылы ашылған «Түркістан» Халықаралық әуежайынан жуырда ғана Самарқандқа тікелей қатынайтын рейс ашылған болатын. Сондай-ақ, Абу-Даби, Ыстамбұл, Эль-Кувейт қалаларына тікелей әйе рейстері қатынайды.
Өңірдің ең үлкен жетістігі – өз әуежайының пайда болуы. Қазір Түркістаннан еліміздің барлық ірі қалаларына ұшуға болады.
Түркістан әуежайында шет ел әуе компанияларына «ашық аспан» режимі енгізілген. Бұл ұшу географиясын кеңейту үшін әуежайды тартымды етіп, шетелдік туристерді тартуға ықпалын тигізеді.