Шымкент қаласы әкімінің өкімімен Тұрғын үй басқармасының басшысы қызметіне Исламов Азат Рахымбердіұлы тағайындалды,-деп хабарлайды Bozyq.kz Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Азат Исламов 1987 жылы 16 қарашада Шымкент қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығы бойынша тәмамдаған.
Алғашқы еңбек жолын 2010 жылы Алматы облысы Талғар қаласы әкімі аппараты бас маманының міндетін атқарушы қызметінен бастаған. 2011-2012 жылдары Қазақстан Республикасы Жер ресурстарын басқару агенттігінің Алматы облысы және Алматы қаласы бойынша өңіраралық жер инспекциясы, Алматы қаласы бойынша жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау бөлімінің бас маманы-мемлекеттік инспекторы, әр жылдары Қазақстан Республикасы Жер ресурстарын басқару агенттігінің Алматы қаласы бойынша аумақтық жер инспекциясы жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау және құқтық қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы- мемлекеттік инспекторы болған.
2015 жылы Қазақстан Республикасы Өңірлік даму министрлігі Жер ресурстарын басқару комитеті Алматы қаласы бойынша аумақтық жер инспекциясы жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау бөлімінің басшысы, 2015-2019 жылдары Алматы қаласы Жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау бөлімінің басшысы, 2019-2020 жылдары Алматы қаласы қала құрылысын бақылау басқармасы басшысының орынбасары, 2020-2023 жылдары Алматы қаласы тұрғын үй саясаты басқармасы тұрғын үйді есепке алу және тарату бөлімінің басшысы, 2023 жылы Алматы қаласы коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы тұрғын үйді есепке алу және тарату бөлімінің басшысы қызметтерін атқарған.
2024 жылдың ақпан айынан бастап Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушы қызметінде болды.