Шымкентте саяси ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық инженерлік академиясының академигі, мемлекет және қоғам қайраткері Амангелді Молдағазыұлы Төлеевтің 80 жылдығына арналған «Жеке тұлғаның қоғамдық-саяси өмірдегі рөлі» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференциясы болып өтті.
«Жеті жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық қоғамдық қорының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері-заңгері, заң ғылымдарының докторы, профессор Бекет Тұрғараұлы Тұрғараев ашып, жүргізген іс-шарада қазақтың біртуар перзенті жайында өнегелі естеліктер айтылды.
Халықаралық мәртебеге ие жиынның ашылуында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек пен Ресей Федерациясының Алматы қаласындағы Бас консулы Дмитрий Александрович Тураев сөз алып, Ресей мемлекетінің дамуында жарқын із қалдырған тұлғаның өнегелі өмірлік жолын сөз етті. Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы ынтымақтастықты арттыруға қызмет еткенін мәлімдеді.
Конференция жұмысында Халық қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры, авиация генерал-майоры, қазақтың тұңғыш ғарышкері, техника ғылымдарының докторы, профессор Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров, «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» халықаралық қоғамдық ұйымы төрағасының бірінші орынбасары, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Зауытбек Қауысбекұлы Тұрысбеков, қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының құрметті мүшесі Амалбек Қозыбақұлы Тшанов және өзге де конференция қонақтары қос елге сыйлы болған азаматтың қайраткерлік қасиеті, адамгершілік болмысы жөнінде баяндады.
Айта кетейік, ел басқару ісіндегі ерек іскерлік беделімен жұртымыздың есінде қалған Амангелді Төлеев Ресей Федерациясының экономикалық құрылымында маңызды рөл атқаратын Кемерово облысын 20 жылдан астам уақыт бойы басқарды. Көрші елдің мемлекеттік билік жүйесінде білікті кадр ретінде қызмет атқарған қандас ағамыз өзі жетекшілік еткен өңірдің экономикасын алдыңғы қатарға шығарды. Қоғамда үлкен әлеуетке ие Кузбасс кеншілері арасында асқақ абыройға ие болған азамат ретінде танылды.