Шымкентте жыл басынан бері скринингтің көмегімен 1000-нан астам адамның қатерлі ісік ауруы анықталды, деп хабарлайды Bozyq.kz. МӘМС шеңберінде жүргізілген медициналық профилактикалық тексерулер 1160 әйелде сүт безі мен жатыр мойны обыры және 44 адамнан тоқ ішектің қатерлі ісік ауруын ерте анықтауға мүмкіндік берген. Дәрігерлердің айтуынша, ауруды ерте сатысында анықтаудың арқасында науқастар дер кезінде ем қабылдауға кіріскен.
Скринингттік тексерулердің көмегімен қауіпті ауруларды ерте сатысында анықтап, асқынулардың алдын-алуға болады. Медициналық профилактикалық тексерулер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде тегін жүргізіледі. Жыл басынан бері аталмыш тексеру аясында 3276 адамда қан айналымы жүйесінің аурулары, 500-ден астам шымкенттікте қант диабеті мен глаукома дерті белгілі болған.
Жалпы, скрининг мінез-құлықтық тәуекел факторлары; артериялық гипертония; жүректің ишемиялық ауруы мен қант диабеті; глаукома; жатыр мойны обыры; сүт безінің қатерлі ісігі мен колоректалды обыр; В және С вирустық гепатиттерін ерте анықтауға мүмкіндік береді.
Тексерулер жаңа туылған нәрестеден бастап 18 жасқа дейінгі балалар; 30 бен 70 жас аралығындағы ересектер мен тәуекел топтары арасында жүргізіледі.
Өз денсаулығыңызға бей-жай қарамаңыз. Халықтың денсаулығын жақсарту мақсатында МӘМС жүйесінде скринингтік тексеруге ерекше мән берілген.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға ерекше назар аударған болатын. Бұл ретте Президент тапсырмасын орындау мақсатында «Саламатты ұлт» әр азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы жүзеге асырылуда.