Шымкент. Өңірлік коммуникациялық орталығы. Бұл жолы «папкасын» қолтықтап Абай ауданының әкімі Бұқарбай Парманов келді. Келді де Шымкент қаласы Абай ауданының 2024 жылғы I-тоқсандағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы баяндады.
Баспасөз конференциясында Абай ауданының әкімі Бұқарбай Рысқұлұлы аудандағы бір қатар әлеуметтік-экономикалық мәселелерге жеке-жеке тоқталды. Сандарды сөйлетті. Сонымен…
Абай ауданы аумағында жалпы 27 елді мекенде 55 159 жеке сектордағы үй, 205 көп қабатты тұрғын үйлер орналасқан. Жалпы саны 257,7 мың халық орналасқан ауданда 1274 көше мен 230 әлеуметтік нысандар бар.
Бүгінгі таңда Абай ауданындағы 23 елді мекен табиғи газбен қамтылған. Пайызға шақсақ 85,2% құрайды. Табиғи газбен қамтылмаған елді мекендер пайыздық көрсеткіште 14,8% құрап отыр. Сондай-ақ, қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, 2024 жылы жарықтандырылған көшелердің үлесін арттыру мақсатында 86 көшеге бюджеттік өтінім беріліп, оған 500,0 млн.тг қаржы қаралыпты.
-Абай ауданы бойынша 27 елді мекеннің бүгінгі таңда 7 елді мекені кәріз жүйесімен қамтылған. Ал, 5 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда ауданның инфрақұрылым жүйелерімен қамту көрсеткішіне тоқталар болсақ, аудан сапалы ауыз су және электр жарығымен 100% қамтылған. Қазіргі таңда Асар-2 шағын ауданында электр жарығымен қамту бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың 2 тоқсанында аяқталды деп күтілуде,-деді Бұқарбай Парманов.
Сонымен қатар Абай ауданы бойынша «ТАЗА ӨЛКЕ», «КИЕЛІ МЕКЕН», «ӨНЕГЕЛІ ҰРПАҚ», «ЖАСЫЛ АЙМАҚ, «ӨНЕГЕЛІ ҰРПАҚ» және «МӨЛДІР БҰЛАҚ» акциялары аясында тазалық жұмыстарын кең көлемде ұйымдастырылып, ауданында 950 метр куб қоқыс шығарылған.