«AMANAT» партиясы тұрғындардың тұрмыс сапасын арттырудың маңызды өлшемі ретінде инфрақұрылымдық жүйелерді жаңартуға баса мән беріп келеді. Соның нәтижесінде ауыл-аймақтарда ауыз су, табиғи газ жүйелерін тарту жұмыстарының қарқыны артты, электр қуаты желілері мен жабдықтарының жаңартылуы белсенді түрде қолға алынды.
«AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған Сайлауалды бағдарламасындағы міндеттерді Түркістан облысы бойынша іске асырудың Жол картасында бес жылдық кезеңде өңірдің ауылдық елді мекендерін табиғи газбен жабдықтау деңгейінің көрсеткішін 54,1 пайыздан 94,5 пайызға жеткізу көзделген болатын. Межеленген жоспар аясындағы жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылып, аудан-ауылдардағы табиғи газбен байланысты қордаланған мәселелер жүйелі шешімін табуда.
Айта кету керек, Түркістан облысының әкімдігі, облыстық мәслихаттың депутаттық корпусы, аманаттық өкілдер көрсетіп жатқан орнықты ұстанымының, ортақ қажыр-қайратының арқасында өңірімізде жылдар бойы жүйелі шешімін таппай, «сақалды» құрылысқа айналған 40-қа жуық газ нысандарының мәселесі реттелді. Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлы Сатыбалдының табанды еңбегімен соңғы бір жарым жылдың ішінде газ саласындағы тоқтап қалған құрылыстар қайта жанданып, 120 мың тұрғын үй табиғи газдың игілігіне қол жеткізді.
Осы санаттағы созбалаңға түскен құрылыстың бірі – Арыс қаласындағы 6 шағын ауданды газбен жабдықтау жобасы болатын. Газ жүйелерін орналастыру бойынша жұмыстар қайта қолға алынып, биылғы жылдың қазан айына дейін мұндағы 45 мыңнан астам тұрғындар көгілдір отынға қол жеткізетін болады.
Облыс әкімінің жуырда Арыс қаласына жасаған жұмыс сапары барысында қалаға қарасты «Почтовый», «Сырдария», «ШПЗ», «Хлопком», «Наурыз» тұрғын аумақтарына табиғи газ берілді. Осы нысандардың іске қосылуының нәтижесінде 10 мыңға жуық абонент газ жүйелеріне қосылып, тұрғындар осы игілікті істің ойдағыдай жүзеге асуына себепші болған барлық құрылымдарға ризашылықтарын білдірді.
Партияның Түркістан облыстық филиалы Сайлауалды бағдарламаның Жол картасында қамтылған әрбір тармақтың орындалуын жүйелі бақылауында ұстап, оң шешім табуына осылайша өзіндік үлесін қосып келеді. Халық пен биліктің арасындағы алтын көпір міндетін атқаратын аманаттықтар орайлы істің оңтайлы жүзеге асуын әрі қарай да жалғастыратын болады.