«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯСЫ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Темірлан тас жолында орналасқан скверде тазалық жұмыстары ұйымдастырылды.Тазалық іс-шарасына жалпы 100-ден астам аудан тұрғындары, кәсіпкерлер, зиялы қауым өкілдері, белсенді жастар, еріктілер қатысты. «Тазалық — денсаулық кепілі» деген ұстаныммен өткен іс-шарада ағаш кесу, әктеу, шөп ору, суғару, қоқыстардан тазарту жұмыстары жүргізілді.

«Мемлекет басшысы тапсырмасымен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталғаннан бері аудан тұрғындары күн сайын өзі тұратын көше бойындағы арықтарды, жол жиектерін қоқыстан тазартып, белсенді қатысуда», — дейді Қызылжар шағынауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы Бастархан Байжанов.

Қала – ортақ үйіміз. Сондықтан, оның көркейіп, гүлденуіне әрбір тұрғын бей-жай қарамай, қоқыс-қалдықтарды кез келген жерге лақтырмай, таза ұстауға ат салысуы қажет.

«Нұрсәт» шағынауданындағы «Астана» аллеясында 400-ге жуық тұрғындардың қатысуымен кезекті тазалық жұмыстары өтті.
Акция барысында аллея аумағын қоқыстан тазарту, ағаштарды әктеу, көгалдарды қырқу, орындықтарды сырлау және т.б жұмыстар жасалды.
Акцияға жергілікті тұрғындардың қатысуымен қатар 10 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде жалпы 50 тонна қоқыс шығарылды, шамамен 500 килограмм бояу пайдаланылды, 3000 метрге жуық қоршаулар боялып, ақталды.

Қоршаған ортаны тазартуға және көгалдандыруға ынталы қатысқан жергілікті балалар мен жасөспірімдердің қатысуы ерекше маңызды болды. Олар үшін бұл олардың тазалық шарасына көмектесудің жолы ғана емес, достарымен және отбасымен ашық ауада уақыт өткізу мүмкіндігі болды.
Еске сала кетейік, көгалдандыру бойынша санитарлық жұмыстар Қаратау ауданының барлық елді мекендерінде көктемнің бірінші күнінен бастап жүргізіледі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *