Жасанды жүрек 36 жастағы азаматқа өмір сыйлады,-деп хабарлайды Bozyq.kz.
Шымкенттік Мұхаммад Тажиддиновқа 6 ай бұрын жасанды жүрек салынған. 36 жастағы жігіт ағасы өткір жүрек жетіспеушілігіне шалдыққан. Науқас бірнеше рет клиникалық өлімге ұшыраған. 3 баланың әкесін аман алып қалудың жалғыз жолы жасанды жүрек салу болады. Білікті кардиолог-дәрігерлер оған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде жүректің жасанды сол жақ қарыншасын (LVAD) импланттайтын отаны жасаған.
Пациенттің айтуынша қазіргі таңда жағдайы жақсы және ентігуі басылып, қалыпты өміріне оралған. Көмекші механикалық құрылғы қан айналымын жеткілікті көлемде қамтып, жүрек жұмысын қалыпта ұстайды. Тек үнемі сымдары жүректегі аппаратқа жалғанған сөмкемен жүруі қажет. Аппаратты арнайы батареяларымен қуаттайды.
Жалпы, Шымкент жүрек орталығында соңғы 4 жыл ішінде МӘМС жүйесі есебінен 13 науқасқа жасанды жүрек отасы жасалған. Жоғары технологиялы медициналық көмек созылмалы жүрек жеткіліксіздігі ауруына шалдыққан азаматтардың өмірін ұзартуға немесе жүрек трансплантациясын күтуге мүмкіндік береді. Құны 77 миллион теңгені құрайтын күрделі ота міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен жасалынады. Көмекші механикалық құрылғы науқастың қан айналымын жеткілікті көлемде қамтып, жүрек жұмысын қалыпта ұстайды.
Елімізде Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру төлеміне жарна аудару 2017 жылы басталды. Дегенмен, МӘМС-тің өзі 2020 жылы ғана іске қосылды. 2020 жылдан бастап сақтандырылған әр азамат қарапайым дәрігерлік кеңестен бастап, жоғары технологиялық көмек, узи, қымбат бағалы КТ,МРТ сынды медициналық көмекті тегін алуға мүмкіндік алды. МӘМС жүйесі енгізілгелі жоғары технологиялық медициналық көмекке қолжетімділік артқан. Өлім –жітім күрт азайған. Сандар сөйлесін.
2023 жылы Шымкент қаласында ана өлімі тіркелмеді. Нәрестелер өлімі 7,2 пайызға кеміді.
Өлім-жітім көрсеткіштері 2022 жылмен салыстырғанда:
-Жалпы өлім көрсеткіші 9,3% төмендеді;
-Қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 20,9% төмендеді;
-Қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім 0,2% төмендеді;
-Туберкулездан болатын өлім-жітім 50% төмендеді;
-Жазатайым оқиғалардан болатын өлім-жітім 5,5% төмендеді.