ӨНЕРЛІ ОРТАДАН ШЫҚҚАН ӨРЕЛІ ҰЛ

 Ұлттық ұланның №6698 әскери бөлімінде «Өнерлі отбасы» атты үлкен сайыс өтті. Сайысқа өнерді серік еткен әскери кызметшілер қатысты. 

Дана халқымыз ертеден өрісі кең өнерлі адамды құрметтеп, ұлықтап, шығармашылығын шыңдап отырған.  Бес әскери кызметшінің отбасылары арасында өткен сайыста, шаңырағына өнерімен, өрлігімен үлгі бола білген қарт кіші сержант Манапов Нұрболдың әкесі Тұрғынбек атамыз бастаған жанұя жүлделі 1-ші  орынды иеленді.

Әскери бөлімнің материалдық және техникалық қамтамасыз ету ротасында қызмет атқарып жүрген кіші сержант Манапов Нұрболдың өзі өнерден кенде емес. Әкесі — Манапов Тұрғынбек қаншама жыл ауыл мектебінде ұстаздықтың ұлы жолын өтеген тұлға. Қоғамдық  өмірдің кез-келген саласына еңбегі сіңген Түркістан облысының кұрметті азаматы, ақын, төл өнерімізді төрге сүйреп жүрген домбырашы. Ал анасы Бейсенкүл Омарқұлқызы – тарихи Тараз өлкесінің тумасы, ол да әкесімен бірге білім ошағында ұстаздық еткен ұлағатты жан. Қазіргі таңда екеуі де кұрметті зейнетке шыққанымен, жастарға тәлімді тәрбиесімен бөліскен ауылдың белсенділері, анасы ауылдың әнші әжелер тобынын мүшесі. Осындай мәдениет пен өнерді, тарих пен тағылымды жастайынан бойына сіңіріп өскен кіші сержант Манапов Нұрболдың өнерден кенде болуға қақы да жоқ еді.

Қара сөз бен қара өлеңнің қанатында қалықтаған ұлтымыз ұланының әскери қызметшісі кіші сержант Нұрбол ұжымда қызметімен де, құрметімен де ерекшеленіп жүрген жауынгер. Қазіргі Түркістан облысы Төлеби ауданы Абай ауылында дүниеге келген Нұрбол мектепті аяқтаған соң, ата-анасының жолын қуып  мұғалім мамандығына оқуға туседі. Жоғары білімді дипломын алған соң ауылына келіп, «Тарих» пәнінен сабақ береді. Отаншылдықты, ел корғауды жастайынан үлкендерден үлгі еткен Нұрбол, уақыты келгенде азаматтық борышын өтеуге әскерге аттанады. Абыроймен атқарылған әскери қызмет оның өмір жолын мүлде басқа бағытқа бұрып, әскери киім киіп, қолына қару алып, ел қорғауға келуіне себеп болды. Алғашқы әскери қызметін Ленгер қаласындағы 6698 әскери бөлімінің 4 жеке атқыштар ротасында бастайды. Міне содан бері Ұлттық  ұлан қатарында жауынгерлік қызмет атқарып келеді.

«Нұрбол ұжымда өте абыройлы. Әзілқой, сөз табар, көпті өзіне қарата алатын шешендігі де бар. Сержант ретінде бәріміздің көмекшіміз. Сарбаздарды жылы сөзбен баурап, саналы бұйрықпен басқаратын тәжірибелі әскери қызметші деп айта аламын. Бөлімде болатын барлық коғамдық істердің басында өзі ұйымдастырып, жүреді. Бәрімізге үздік қызметімен, өнегелі отбасымен үлгі боп келеді», дейді лейтенант Мелдебек Әділжан.

Жары — Ләйләмен 2008 жылы үйленіп, отбасын құрады. Бүгінде ауыл мектебінде мейірбике болып кызмет атқаратын Ләйлә екеуі ата-анасының қара шаңырағында екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр. Дана халқымыз «Ата өнері — балаға мұра» деп бекер айтпаса керек. Қыздары — Қарақат пен Айзере сайыс кезінде қазақ биінін нақышын келтіре орындап, таланттарына таң қалдырған болатын. Атасы сөзін жазған «Туған өлке табиғатын қорғайық», «Ұландар жыры» әндерін әуелетіп айтып журген Нұрқабыл мен Айсұлтан да өнерлі балалар. Әпкесі — Салтанат та өнерден кенде емес, мектепте музыка пәнінен мұғалім, сазгер балаларға әндер жазады.

Сол бір сайыста өнердің өнегелі жолымен жүріп келе жатқан жауынгердің өзі ғана емес жақындары мен жанұясы да Отан қорғаушылар ортасына әдемі ән мен әсерлі кеш сыйлады. Қашанда жақсы жарымен, жақсы ұрпағымен, жақсы атымен мақтанғаны жарасымды қазақ емес пе?! Өнерлі ортадан шыққан өрелі ұлмен біз де мақтанғанды жөн санадық.

Малика Шынжігітова, № 6698 әскери бөлімінің капитаны

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *