Бүгін түркістандық аманаттықтар Сауран ауданына қарасты Шаға ауылы маңындағы Шымкент-Самара тас жолы бойын күл-қоқыстан тазартты, деп хабарлайды Bozyq.kz.
Экологиялық акцияға облыстық мәслихаттың Сауран ауданынан сайланған депутаты, мәслихаттағы партиялық фракция мүшесі Баймахан Сүлейменов, партияның Сауран аудандық филиалының төрағасы Сағынбек Асылбеков, Сауран ауданы әкімінің орынбасары Ербол Жанғазиев қатысты.
Қоршаған ортаға құрмет көрсету аясында жүргізілген тазалау шарасына аудан тұрғындары, әкімдік қызметкерлері мен «Шаға» және «Ескі Иқан» бастауыш партия ұйымының мүшелері, «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері, еріктілер жалпы 100-ге жуық адам жұмылды.
Айта кетейік, «AMANAT» партиясының қолдауымен жүзеге асып жатқан акция аясында облыстың аудан, қалаларында 242 ластанған аумақтардың картасы жасақталып, оған жауапты ретінде филиал төрағалары мен атқарушы хатшылары, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары және мәслихат депутататтары бекітілген. Бекітілген жауапты тұлғалар нақты жұмысқа кірісті. Олар бекітілген нысандардың тазалығы мен абаттандыру мәселесін үнемі бақылауда ұстайды. Басты мақсат- тазалық жұмыстарына көңіл бөлу ғана емес, еліміздің тарихи, мәдени мұраларын вандализмнен қорғау.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» акциясының барша жұртшылыққа берері мол. Акция аясында қоршаған ортаны ғана тазартып қоймай, тұрғындардың бойына әлеуметтік мәдениетті қалыптастыруға, сананы тазартуға септігін тигізері сөзсіз», дейді облыстық мәслихаттың депутаты Баймахан Тоймаханұлы.
Ұзақ мерзімге жоспарланған экологиялық акция барысында партияластар аптаның әр бейсенбісінде бекітілген учаскелерде тәртіп пен тазалықты сақтауды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ абаттандыру мен инфрақұрылымды дамытуға байланысты мәселелерді шешетін болады.