«АМАNAT» партиясы Сайрам аудандық филиалының атқарушы хатшысы Қуаныш Адырбекұлының бастамасымен, Сайрам ауданы, Жібек Жолы ауылдық округінде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы өтті.
Тазалық науқаны барысында ауданға қарасты Жібек Жолы ауылдық округі, Машат елді мекені, Ысқақ ата көшесін бойының 1,2 шақырымы және Машат өзенінің 1,5 шақырым жағалауы табиғат тұнығын ластаған қатты қалдықтардан тазаланды. Сондай-ақ Сиқым баба алаңы бейберекет тасталған күл-қоқыстан арылды.
Аталған іс-шараға партия және Жібек Жолы ауылдық округі әкімі аппараты қызметкерлері, аудандық Жастар ресурстық орталығы коммуналдық мекемесі және «Жастар Рухы» жастар қанаты мүшелері және БАҚ өкілдері жалпы 50-ге жуық азамат атсалысты. «Таза бейсенбі» республикалық экологиялық акциясы аудан аумағында апта сайын тұрақты түрде жалғасуда.
Осы орайда, Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитовтің бастамасымен, тұрғындарға «Таза Қазақстан» акциясын кеңінен насихаттау мазмұнында аудан аумағындағы халық көп шоғырланатын жерлерге, орталық көше бойларына, саябақтар маңына арнайы тақтайшалар орнатылды.
Қанатты сөздер жазылған бұл тақтайшалар өз кезегінде ауданның бет-бейнесін бейнелеумен бірге, тұрғындардың қоршаған ортаға құрметпен қарауына септігін тигізеді. Сондай-ақ азаматтардың өмір сүру сапасы мен денсаулығын жақсартуға, жалпы қолайлы жағдай қалыптастыруға үлкен үлес қосатыны белгілі.