ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ПЕН СИ ЦЗИНЬПИН БАҚ ӨКІЛДЕРІ ҮШІН БРИФИНГ ӨТКІЗДІ

Екіжақты келіссөздерден кейін Қазақстан Президенті мен Қытай Халық Республикасының Төрағасы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасады,-деп хабарлайды Bozyq.kz тілшісі  Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы өзінің шақыруын қабыл алып, Қазақстанға мемлекеттік сапармен келгені үшін Си Цзиньпинге шынайы ризашылығын білдірді.

– Осы сапарыңыз – қазақ-қытай жылнамасындағы айтулы әрі тарихи оқиға. Оған қоса бұл – екі ел арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге деген Сіздің ниетіңіздің айқын көрінісі деп білемін. Мен бұл игі ұмтылысты толықтай қолдаймын. Қытай – біз үшін тату көрші, достас және мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктес мемлекет. Бұл біздің елдерімізге ортақ құндылықтар мен ортақ ұстаным деп айтқым келеді. Оның тарихи тамыры тереңде жатқаны сөзсіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті екі ел арасындағы тығыз сауда және гуманитарлық байланыстардың даму тарихына тоқталып, оның келешегі жарқын боларына сенім білдірді.

– Халықтарымыз Ұлы Жібек жолы бастау алып, төрткүл дүниеге таралған киелі жолда ынтымағы мен бірлігін жарастырған. Тарих қойнауына үңілетін болсақ, Қытай елі қазақ халқына ешқашан жамандық жасаған жоқ, ешқандай тосқауылдар құрған емес. Жәрдем ғана берген. Біздің елдеріміз әрдайым өзара тығыз байланыста және шынайы достық қарым-қатынаста болды. Бүгін де солай және солай болып қала бермек. Мен бұған кәміл сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

ҚХР Төрағасы келіссөздердің жылы, достық рәуіште өткенін және нәтижелі болғанын мәлімдеді.

 -Біз бірқатар ауқымды мәселе бойынша уағдаластыққа қол жеткіздік. Қытай мен Қазақстан арасындағы Бірлескен мәлімдемеге қол қойып, ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындадық. Біздің қатысуымызбен сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, энергетикалық, ауыл шаруашылығы, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық салалар бойынша бірқатар үкіметаралық және ведомствоаралық құжатқа қол қойылды. Аталған құжаттар екіжақты қатынасымыздың жоғары деңгейде дамуына тың серпін береді, – деді Си Цзиньпин.

ҚХР Төрағасы Қытай мен Қазақстан жаңғыру жолымен алға ілгерілеп, өзара қолдау білдірудің игі дәстүрін бірлесе дамытатынына және еселей түсетініне, сондай-ақ өзара саяси сенімді тұрақты түрде нығайтып, ұлттық даму стратегияларын ұштастыруға ықпал ететініне және бір-бірінің мүддесін қорғайтынына сенім білдірді.

– «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында жоғары деңгейдегі ынтымақтастықты жалғастыра береміз. Нақты салалардағы ықпалдастық бағытында жаңа нәтижелерге қол жеткізуге ұмтыламыз. Қысқа мерзім ішінде тауар айналымын екі есе ұлғайту жөнінде жаңа міндет қойылды. Біз сауда және экономика, инвестиция, индустрияландыру, көлік және энергетика сияқты салалардағы байланысымызды ұдайы нығайту жөнінде уағдаластық. Сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі жол картасын белсенді іске асырамыз. Транскаспий халықаралық көлік бағыты мен елдеріміз арасындағы үшінші трансшекаралық темір жол құрылысын жеделдетеміз. Сонымен қатар негізгі минералдық ресурстар, баламалы энергия көздері, ғылыми-техникалық инновациялар, авиация және ғарыш, цифрландыру салаларындағы дамудың жаңа бағыттарын бірлесе ілгерілетуге ниеттіміз, – деді ҚХР Төрағасы.

Си Цзиньпин БҰҰ, ШЫҰ, «Қытай – Орталық Азия» сияқты көпжақты алаңдар желісі бойынша тығыз ықпалдастық орнатқаны жөнінде атап өтті. Сондай-ақ Қазақстанның БРИКС-ке кіруін қолдады. ҚХР Төрағасы Қазақстанның әлемдегі орта держава ретіндегі рөлі артып келе жатқанын тағы да растады және еліміздің жаһандық басқару ісіне лайықты үлес қоса алатынына сенім білдірді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *