БИЫЛ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АУЫЗ СУМЕН ҚАМТУ БОЙЫНША 35 ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ

Түркістан облысында елді мекендерді ауыз сумен қамту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Аталған мәселе облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде кезекті рет талқыланды. Өңір басшысы Дархан Сатыбалды тұрғындарды ауыз сумен қамту ең бірінші кезектегі іс екенін айтты. Құрылысы созбалаңға салынған нысандар бойынша аудан, қала әкімдері мен жауапты басқарма басшысына нақты тапсырма берді. Жұмысты дұрыс атқармаған мердігерлердің мәселесін заң аясында қарауды тапсырды.

– Ауыз сумен қамту жұмыстары жауапкершілікпен атқарылуы тиіс. Тапсырысты уақтылы орындамай, ауыз суды кешіктірген мердігерлермен заң аясында жұмыс жүргізіңіздер. Бұл мәселе қатаң бақылауда тұр, – деді Дархан Сатыбалды.

Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Жанәділ Айтбековтың айтуынша, өңірде қалалар ауыз сумен 100 пайыз қамтылса, ауылдардың қамту көрсеткіші 97,3 пайызды құрап отыр. Биыл ауыз сумен қамту бойынша 14,1 млрд теңгеге 61 жобаны жүзеге асыру көзделген. Оның 53-і ауылдарда жүзеге асады. 35 жобаны биыл аяқтау жоспарланған. Нәтижесінде 12 елді мекен (Сарыағаш – 2, Отырар –1, Төлеби –1, Келес – 4, Созақ – 4) жаңадан ауыз су жүйесімен қамтылады. 12 елді мекеннің тозығы жеткен су құбырлары жаңартылуда. 14 кешенді блок модулі орнатылып жатыр. Арыс пен Түркістандағы 6 мөлтек ауданға су құбырлары жүргізіледі. Ауыз сумен қамту бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *