Шымкент қалалық №2 ауруханасында алғаш рет нейронавигациялық құрылғы көмегімен бас ми ісігіне ота жасалды. Дәрігерлер жоғары технологиялы медициналық көмек көрсету арқылы 72 жастағы қарияны аман алып қалды.
Науқас соңғы 2-3 айда сол жақ аяғының әлсіреуі салдарынан жүре алмай қалған. МРТ және басқа да медициналық тексеру нәтижелері зейнеткерде мидағы ісікті анықтайды. Инновациялық технология қолданылған күрделі отаны аурухананың нейрохирург -дәрігері Еркін Медетов жасады.
Дәрігердің айтуынша, нейронавигациялық құрылғы ісікті 0,1мм дейінгі аса дәлдікпен көрсетіп, науқастың өміріне қауіп пен қан жоғалту ықтималдығын азайтады. Ота барысында заманауи нейронавигациялық жүйе көмегімен үздіксіз мониторинг жасалып отырады және мидың тамырлары мен маңызды аймақтарын толық сақтап қалуға болады.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен жасалған күрделі ота сәтті өтті. Пациент таяу күндері ауруханадан шығады және дәрігерлердің нұсқауын орындап, бақылауда болуы тиіс.
Кезінде басы ауырып, балтыры сыздаған қазақстандықтар шетел асатын. Ташкент жағалайтын. Бүгінде күрделі операциялар елімізде жасалатын болды. МӘМС жүйесі енгізілгелі жоғары технологиялық медициналық көмекке қолжетімділік артты. Өлім –жітім күрт азайды.
2023 жылы Шымкент қаласында ана өлімі тіркелмеген. Нәрестелер өлімі 7,2 пайызға кеміген.
Өлім-жітім көрсеткіштері 2022 жылмен салыстырғанда:
-Жалпы өлім көрсеткіші 9,3% төмендеген.
-Қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 20,9% төмендеген.
-Қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім 0,2% төмендеген.
-Туберкулездан болатын өлім-жітім 50% төмендеген.
-Жазатайым оқиғалардан болатын өлім-жітім 5,5% төмендеген.
Демек, қол соғып қошемет көрсетуге болады.