Түркістан облысының аумағында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында тазалық жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр.
Облыс орталығы, Түркістан қаласында кезекті сенбілік ұйымдастырылып, оған 1000-ға жуық азамат қатысты. Сондай-ақ панкратион спортынан әлем чемпионы Ержан Естанов пен қаланың қонағы, белгілі вайнер Серғазы Тоқтарбек сенбілік жұмыстарына қатысып, қала тазалығына өз үлестерін қосты.
Тазалық жұмыстары барысында Қ.А.Ясауи кесенесі мен «Күлтөбе» қалашығының маңы, «Отырар» мөлтек ауданы және «Жібек жолы» саябағының аумағы қоқыстан тазартылды. Арық-атыздар қоқыстан тазартылып, шөптер орылып, ағаштар ретке келтірілді.
Жалпы, әкімдікке қарасты 14 мекеме қызметкерлері, 6 сектордың тұрғындары атсалысып, 13 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 200 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.
Сенбілік соңында қатысушылар флешмоб билеп, жоғары көңіл-күймен тазалық жұмыстарын аяқтады.