ШЫМКЕНТТІК ДӘРІГЕРЛЕР БАЛАЛАРДЫҢ ҚҰЛАҚ ПЕРДЕСІН БІТЕЙТІН ЖАҢА ОТА ТҮРІН ЖАСАУДА

Шымкент қалалық балалар ауруханасының лор дәрігерлері балалардың тесілген құлақ пердесін бітейтін тимпанопластика отасын жасауда. Бұл операцияда науқастың самай бұлшықетінің талшықтары алынып, құлақ тесігін жамауға қолданылады. Нәтижесінде құлақтан іріңнің ағуы тоқтатылып, есту қабілеті мен өмір сүру сапасы жақсарады.

Ерекше отаны қалалық балалар ауруханасының лор-дәрігері Нұрсұлтан Әбен жасауда. Ота уақыты шамамен 1,5 сағатқа жуық және жалпы жансыздандыру әдісі қолданылады. Әзірге құлақ-тамақ-мұрын және бет-жақ хирургиясының білікті дәрігерлер құрамы 3 балаға сәтті ота жасаған. Күрделі ота міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен қаржыландырылуда.

Тимпанопластика отасы таяу күндері 7 жастағы балаға жасалды. Бұрын мұндай операциялар Алматы мен Астана қалаларындағы медициналық ұйымдарда ғана жасалатын. Пациенттің ата-анасы ұзақ кезек күтпей Шымкент қалалық балалар ауруханасына таңдау жасағандарын айтады.

МӘМС жүйесі енгізілгелі денсаулық сақтау саласында қызмет көрсету әлеуеті жақсарып, медициналық мекемелердің саны  артқан. Шымкент қаласында 2022 жылы 130 ұйым қызмет көрсеткен болса, бүгінгі таңда 190 медициналық мекеме қызмет көрсетуде.  Оның 34-і мемлекеттік, 156-сы жекеменшік медициналық ұйымдар.   Шымкент қаласы бойынша амбулаторлық деңгейде 14 мемлекеттік емхана және 44 жеке меншік медициналық орталықтар қызмет атқарады. 2021 жылмен салыстырғанда, емханалардың орташа жүктемесі 31 мыңнан 22 мыңға азайған.  Ауруханалардың төсек орын саны 3989-дан 4793-ке артқан.

Шымкентте тұрғындардың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде қамтылу қарқыны өсіп отыр. Бүгінгі таңда 927 579 азамат, яғни халықтың 82,1 пайызы сақтандырылған. Оның ішінде жеңілдік санатындағы 700 мыңнан астам адамның жарнасын мемлекет төлеуде. Сақтандырылмаған азаматтар саны 220 731.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *