Шымкенттегі «Достық үйінде» қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгерім Жұмағұлова қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы этномәдени бірлестіктердің төрағаларымен кездесті. Жиында алдағы уақытта бірлесе атқарар жұмыс жайы талқыланды.
Мемлекет басшысының ішкі саясатта бірлік пен татулыққа басымдық беру туралы тапсырмасына ерекше тоқталған Айгерім Әбдіохапқызы негізгі міндеттерді межелеп, ырысты ынтымақ жолын көздеген жоба-жоспарларды бірлесе атқаруға шақырды.
«Алдымызда іске асыратын тың жобалар мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында атқарар міндеттер жеткілікті. Мемлекеттік саясат аясында атқарылатын ауқымды істерді сіздермен бірлесіп жасаймыз деген сенімдемін», – деді Айгерім Жұмағұлова.
Жиында қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысына тың серпін беру мақсатында орын алған кадрлық ауыс-түйістер баяндалып, жауапты мамандар таныстырылды. Бүгінге дейін қалалық «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы болған Заңғарбек Үсіпахметовтың қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары қызметіне, Нұрбол Орымбаевтың қалалық «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы қызметіне тағайындалғаны айтылды.
Еркін форматта өткен кездесуде қала аумағында қоғамдық келісімді сақтау, этносаралық татулықты бекемдеу, жастар арасында құқықтық мәдениетті арттыру жайында ұсыныс-пікірлер айтылып, Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында берілген тапсырмалардың орындалу жайы пысықталды.
Жиында Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Жомарт жан» орталығының іс-шара жоспарына сай тамыз айына жоспарланған «Мектепке жол» қайырымдылық акциясына қалалық этномәдени бірлестіктердің бірауыздан қолдау көрсетуі тапсырылды.