ШЫМКЕНТТЕ «ӘНІМ СЕН ЕДІҢ» АТТЫ ГАЛА-КОНЦЕРТ ӨТТІ

Шымкент қаласындағы «Шәмші әлемі» гүлзарында қазақ вальсінің падишасы, Қазақстанның халық әртісі, көрнекті композитор Шәмші Қалдаяқовтың құрметіне арналған «Әнім сен едің» атты гала-концерт өтті. Әндері әлемді шарлаған ән әлемінің майталманы Шәмші Қалдаяқовтың туғанына биыл 94 жыл толып отыр.

Концерттік бағдарламада Шәмшінің халыққа кеңінен танылған «Ана туралы жыр», «Ақ маңдайлым», «Теріскей», «Бақыт құшағында», «Өмір-өзен», «Сыған серенадасы», «Кешікпей келем деп ең», «Қайықта», «Дүнген қыз», «Құшақ жайған қандай адам», «Отырардағы той» сынды әндері шырқалды.

Айтулы іс-шарада «Шымкент концерт» концерттік ұйымының өнерпаздары, Қазақ ұлт аспаптар оркестрі, дәстүрлі және эстрада әншілері,«Қазына» және «Яссы» би ансамбльдері, Шымкент қалалық опера және балет театрының өнерлі жастары, «Shamshi» әншілер байқауының жеңімпаздары өнер көрсетті.

Ал, концерттің басында көрермендерге Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығынан алынған арнайы бейнеролик көрсетілді. Кеш соңында қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің композитордың шығармашылығына арналған ықылас гүлдері табысталды.

Мерекелік іс-шараға қаламыздың театр өнерпаздары мен танымал жұлдыздар, жергілікті әншілер қатысты.  Мәдени іс-шараны халық ерекше ықыласпен қабылдады. Игі іске ұйытқы болған Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы.

Шәмшінің қайсы бір әні болмасын қалың қазақтың жүрек түкпірінен жай тапқан туындылар. Ұлы сазгердің өзіне ғана тән қасиеті мен ерекшілігі де осы болса керек.  Шәмші Қалдаяқовтың әндері қазақ мәдениетінің баға жетпес мұрасы ретінде халық жүрегінде мәңгілік орын алған. Оның «Менің Қазақстаным» атты патриоттық әні 2006 жылы Қазақстанның мемлекеттік Әнұраны ретінде қабылданып, сол жылдың қаңтарында Ақорда сарайында алғаш рет орындалды. Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығы бүгінгі күнге дейін ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, халық сүйіспеншілігіне бөленіп келеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *