ҚР Цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев және Мемлекеттік корпорацияның Басқарма Төрағасы Арман Кенжеғалиев Шымкент қаласындағы халыққа қызмет көрсететін цифрлық орталық пен мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында болды. Жұмыс сапары барысында үшінші мегаполистегі мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасымен танысты.
Нақты айтқанда, Министрге Мәделі Қожа көшесі, 1 Г мекенжайында орналасқан ХҚКО-ның жұмысы көрсетілді. Бұл орталық кезекші ХҚКО саналатындықтан сенбі күндері сағат 13:00-ге дейін қызмет көрсетеді. 2022 жылы қайта жаңартудан өткен орталық заманауи техникамен жабдықталған және мемлекеттік қызметтерді тез әрі ыңғайлы алу үшін аймақтарға бөлінген.
Айта кетейік, азаматтар мұндағы «Connection point» секторынан мемлекеттік қызметтерді маманға жүгінбей, өздері де алуына мүмкіндік жасалған.
Қажет болған жағдайда орталық операторлары тұрғындарға цифрлық сауат негіздері мен электронды үкімет порталында және «ХКҚО» мобильді қосымшасында жұмыс істеуді үйретеді. Жыл басынан бері аталып отырған өзіне-өзі қызмет көрсету секторында 100 мыңнан аса шымкенттік тұрғын қызмет алған.
«ХҚКО-мен қоса біз мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының да жұмысын көрсеттік. ЖЖЕ 3.0 жүйесін енгізу және заманауи технологияларды қолдану нәтижесінде жүргізуші куәлігін алуға байланысты мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы едәуір жақсарды», – деді Мемлекеттік корпорацияның Басқарма Төрағасы Арман Кенжеғалиев.
Еске салайық, Шымкент қаласында 12 халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс істеп тұр, оның ішінде төртеуі – мамандандырылған қызмет көрсету орталығы. Сонымен қоса көші-қон қызметтерін көрсету және кәсіпкерлерге қызмет көрсетудің көпфункционалды орталығы да бар. Барлығы Kaizen қағидатымен жұмыс істейді.
Жыл басынан бері «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Шымкент қалалық филиалында 554 мың мемлекеттік қызмет көрсетілгенін айта кетейік. 29 мыңнан аса жүргізуші куәлігі беріліп, автокөліктерді қайта тіркеуге байланысты 82 мың қызмет көрсетілді.