Шымкенттік «Ордабасы» футбол клубы бас бапкер Александр Седнёвпен қоштасты. Бұл туралы клуб президенті бас бапкер Александр Седнёвтың жұмысын қорытындылау бойынша БАҚ өкілдерімен ұйымдастырылған брифинг барысында айтып өтті.
2021 жылдан бастап Шымкенттік клубтың бас бапкері болып жұмыс істеген 51 жастағы Беларусь маманы бүгінгі өткен брифинг барысында бұл туралы ресми мәлімдеді. Александр Седнёв «Ордабасыға» тәжірибесі мол маман ретінде келген. Ол бұған дейін «Савит», «Белшина», «Динамо», «Днепр» командаларында және қазақстандық «Ақтөбе» командасында жұмыс істеген. Ал, 2021 жылдан «Ордабасы» футбол клубының бас бапкері ретінде өз жұмысын бастаған. Оның басшылығымен шымкенттік команда тұрақты нәтижелер көрсетіп, Қазақстан чемпионатында өз орнын нығайтып, сенімді нәтижелерге қол жеткізді. Атап айтсақ, клуб 2022 жылы Қазақстан Кубогын, 2023 жылы Қазақстан Чемпиондығын жеңіп алды. «Ордабасы» ФК президенті А.Сейсембек және клуб жанкүйерлері бас бапкерге кәсібилігі үшін алғыс айтып, оның алдағы мансабында сәттілік тіледі.
Команда табандылық пен жоғары бәсекеге қабілеттілікті көрсете отырып, мықты қарсыластардан озып, өз тарихында алғаш рет чемпиондық трофейді иеленді. Бұл жетістік ойыншылар мен бапкерлік құрамның қажырлы еңбегінің, сондай-ақ клуб басшылығының жүйелі жұмысының нәтижесі болды.
Титулды жеңіп алу — тек істің жартысы ғана. Жаңа маусымдағы басты міндет — чемпиондық атақты сақтап, қазақстандық футболдағы көшбасшы мәртебесін растау. Премьер-лига клубтары арасындағы қатаң бәсекелестік жағдайында бұл міндет «Ордабасыдан» одан да көп жанкештілікті және ұйымшылдықты талап етеді.-деді А.Сейсембек.
Қазір осы мақсат жолында қызу дайындық жүргізіліп, тактикалық жоспарлар жетілдіруде. Асхат Рашидұлының айтуынша ұжым жаңа сынақтарға толықтай дайын. Өткен жылғы жетістікті қайталап қана қоймай, болашақ жеңістер үшін берік негіз құру арқылы клубты одан әрі дамыту маңызды.