ШЫМКЕНТТЕ ҚХА МҮШЕЛЕРІ 200-ДЕН АСТАМ ОҚУШЫНЫ МЕКТЕПКЕ ДАЙЫНДАДЫ

Бүгін Шымкенттегі «Достық үйінде» қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының үйлестіруімен республикалық «Мектепке жол» акциясы өтті.

Этномәдени бірлестіктердің қолдауымен өткен акция барысында 200-ден астам оқушыға алынған мектепке қажетті құрал-жабдықтар (мектеп формасы, сөмке, дәптер, қаламсап, түрлі-түсті қалам, қылқалам, бояу, альбом, өшіргіш, түрлі-түсті қағаз, қайшы, қаламұштағыш, дәптер қаптағыш, желім, пенал және т.с.с.) әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға табысталды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы «Жомарт жан» орталығының жоспарына сай ұйымдастырылған «Мектепке жол» акциясына қалалық славян, корей, өзбек, түрік, әзірбайжан, грузин, ұйғыр, күрді, еврей шешен-ингуш, татар-башқұрт, грек этномәдени бірлестіктері атсалысып, игі іске жұмылдырылды.

Шымкенттік этномәдени бірлестіктердің белсенділері көпбалалы отбасылардың балаларын қажетті оқу құралдарымен қамтуды тамыз айының соңына дейін жалғастыруды көздеп отыр.

Шымкент қалалық этномәдени бірлестіктер 200-ден астам оқушыға мектепке қажетті құралдар сыйлап, балаларды қуантып қана қойған жоқ. Сонымен қатар қалалық өзбек, күрді, славян, ұйғыр этномәдени бірлестігінің белсенділері тағы да 100-ден астам балаға мектепке керекті түрлі құралдар табыстады. Сонымен қатар  бірнеше отбасыға қаржылай көмек беріп, оқушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Айта кетейік,  Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамында 17 этномәдени бірлестік белсенді түрде жұмыс істеуде. Бұл мегаполисте барлық этнос өкілдерінің ұлттық ерекшеліктерін, тілі мен мәдениетін сақтауына барынша жағдай жасалғанын көрсетеді. Соңғы жылдары ҚХА өз қызметінің ауқымын кеңейтіп келеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *