ШЫМКЕНТ: ЖҰМАТ ШАНИН АТЫНДАҒЫ ТЕАТР 95 ЖЫЛДЫҒЫН АТАП ӨТЕДІ

Шымкент қаласындағы Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының тарихы 1929 жылдан басталатыны архивтік құжаттар арқылы толық дәлелденді. Осыған орай театр биыл өзінің 95 жылдық мерейтойын атап өтеді. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының 95 жылдығы» тақырыбында  дөңгелек үстелде айтылды.

Дөңгелек үстелге – Қазақстан жазушылар одағының Шымкент қаласы өкілдігінің басшысы Момбек Әбдәкімұлы, белгілі журналист, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ғалымжан Елшібай, Ж.Шанин театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі Сая Қасымбек, театрдың көркемдік жетекшісі Сұлтан Оңғарұлы, сонымен қатар театр ұжымы қатысты.

Алқалы жиынды қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек ашып, театрдың тарихы жайында тың деректер келтірді.

Бұған дейін өнер ордасының тарихы 1934 жылдан басталады деп есептелетін еді. Алайда, Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитеті төралқасының 1934 жылғы 19 қарашадағы «Қазақ ұлттық театры туралы» қаулысында «жұмыс істеп тұрған қазақ театрының әлеуетін күшейтуге дереу кірісу» жөнінде нұсқау берілген. Бұл театрдың тарихы 1934 жылдан емес, одан әріден басталатынын көрсетеді. Архивтен Қызылордадағы Қазақ мемлекеттік театрының (қазіргі М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театры) саяси ағарту жөніндегі бас комитет мүшелері жиналысының 1927 жылғы 16 қазандағы хаттамасы алынды. Онда сол театрдың директоры Ж.Шанин театр режиссерлерінің тапшы екені жөнінде айта келіп «Қазақстанда режиссер болатын тек Аймауытов қана бар, одан басқа режиссер болатындай ешкім жоқ» деп атап көрсеткен. Ал, Ж.Аймауытов 1926-1929 жылдары аралығында Шымкентте орналасқан Сырдария округтік қазақ педагогикалық техникумында қызмет атқарған. Демек, Ж.Аймауытовтың сол жылдары Шымкентте театр ісін дамытумен айналысқаны анық, – деді Сәрсен Абайұлы.

Дөңгелек үстелде сөз алған басқа қатысушылар да бұл деректерді растап, театрдың тарихы тереңде екендігін айтты.

Архивтік құжаттар аталған техникумда музыкалық-драмалық үйірме болғанын, онда шәкірттер көркем оқу, пьесаларды талдау, грим, гимнастика, пластика секілді театрға тікелей қатысты пәндерді  оқығанын, бұл үйірме 1927-1929 жылдар аралығында жыл сайын 8-9 қойылымды сахналағанын көрсетеді. Оған қоса 1929 жылдың 28 қыркүйегінде бекітілген «Шымкент қалалық қазақ драма театрының сахнасын жабдықтау бойынша материалдық-шаруашылық шығындар жөніндегі алдын ала смета» деп аталатын құжатта театрдың сахнасын жабдықтауға 7 589 рубль ақша бөлінгені жазылған.

Аталған архивтік құжаттар мен тарихи деректер  Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының 1929 жылы ашылғанын толық дәлелдеді. Әрі бұл театр 1929 жылы жоқ жерден пайда бола салмаған. Көрнекті жазушы, драматург Ж.Аймауытов драма үйірмесін ашып, кәсіби театр мамандарын оқытып-дайындап, Шымкентте қазақ ұлттық театрының ашылуына үлкен еңбек сіңірген.

Сондай-ақ, сөз алған театрдың көркемдік жетекшісі Сұлтан Оңғарұлы алдағы жоспарларымен бөлісті. Театрға жаңа бір серпіліс, тың идеялар мен жаңашылдық қосу мақсатында Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясынан 19 студент тәжірибелерін шыңдауға келген.

Айта кетейік, Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының 95 жылдық мерейтойының аясында биыл қараша айында Орталық Азия театрларының ІХ фестивалі Шымкент қаласында ұйымдастырылады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *